Автобуста пышақ сермеп, жолаушыларды қорқытқан ер адам 12 тәулікке қамалды

Автобуста пышақ сермеп, жолаушыларды қорқытқан ер адам 12 тәулікке қамалды
Ашық дереккөз

Алматыда маршруттық автобуста пышақ ұстап, жолаушыларға қауіп төндірген 38 жастағы ер адам 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда ер адамның автобуста жанжал шығарып, полиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны көрінеді.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Жетісу аудандық полиция басқармасына маршруттық автобуста жанжал шығарған ер адам туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған патрульдік полиция қызметкерлері агрессивті әрекет көрсеткен азаматты қарусыздандырып, ұстаған.

Ұсталған адам 38 жастағы Нұржан Майлыбаев болып шықты. Полиция оған екі құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырған.

Сот материалдарын қарау қорытындысы бойынша ер адамға 12 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.