Ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек — Олжас Бектенов

Ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек — Олжас Бектенов
Үкімет

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесі өзгеріп, көмек азаматтардың табысы мен нақты қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау жұмысы жалғасып жатыр. Жаңа қағидат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық қолданысқа енгізілмек.

«Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді», – деді Олжас Бектенов Құрылтай отырысында.

Премьер-министр мемлекеттік көмектің мақсаты азаматтардың тұрақты табыс тауып, экономикалық белсенді болуына ықпал ету екенін атап өтті. Яғни әлеуметтік қолдау алған азаматтар уақыт өте келе өздерін өздері қамтамасыз етіп, көмекке мұқтаждар қатарынан шығуы керек.

Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту нәтижесінде үнемделетін 700 млрд теңге және 2,5 трлн теңге әлеуметтік маңызы бар басқа бағыттарға, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалады.