Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бір отбасының төрт мүшесін өлтіру туралы резонансты іс қаралып жатыр. Сот процесі шок тудыратын дәлелдемелерді, яғни тергеу әрекеттері түсірілген бейнежазбаларды зерттеу кезеңіне өтті. Алайда процесс жоспардағыдай болмады: кадрлардағы мәйіттердің жағдайына байланысты судья қатаң шектеу енгізуге мәжбүр болды, ал сот залында күтпеген жерден техника істен шыға бастады деп хабарлайды ult.kz dalanews.kz сайтына сілтеп.
Отырыстың негізгі бөлігі марқұмдардың денесін қазып алу сәті түсірілген бейнежазбаларды көру болуы керек еді. Алайда судья залда отырғандар мен журналистерге бәрін толық көрсетуге рұқсат бермеді. Камераға тек процедураның бастапқы бөлігін ғана түсіруге мүмкіндік берілді. Бұған мәйіттердің ұзақ уақыт жер астында жатып, қатты өзгеріске ұшырауы себеп болған.
"Мәйіттерді шығарып алу сәті бейнеленген видеокадрларды жазуға және оларды әлеуметтік желіде таратуға тыйым салынады. Өздеріңіз түсінесіздер, денелер ұзақ уақыт көмулі жатқандықтан қатты өзгерген. Мұндай кадрларды психикасы әлсіз адамдар мен кәмелетке толмағандар көріп қоюы мүмкін. Бұл оларға зиян келтіруі ықтимал", – деді істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина.
Сот залындағы тілшінің хабарлауынша, цензурасыз кадрлар өте ауыр болған. Марқұмдардың денелері қатты бұзылған күйде көрсетілген. Алайда басты күдікті, марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевтің реакциясы да куәгерлерді таңғалдырған. Өз әйелінің туыстарын қора мен үй ауласына көмді деп айыпталып отырған ер адам экранға еш эмоциясыз, бет-жүзі өзгерместен қарап отырған.
Ломбардтар, зейнетақы және шетелге қашу
Эксгумация видеоларынан бөлек, сотқа бірқатар заттай дәлелдеме ұсынылды. Материалдар қатарында мыналар бар:
Мақсот Қарабалин, Нәсіп Утешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы Наурыз бен 35 жастағы Мейрамгүлдің денесін қарау кезінде түсірілген жазбалар;
Мұнайшы-3 ықшамауданында жүргізілген тергеу экспериментінің видеосы. Онда Сәрсемәлиев туыстарын қалай өлтіргенін егжей-тегжейлі көрсетіп, айтып берген;
Айыпталушының жаңа ғана өлтірілген енесі Нәсіптің алтын әшекейлерін ломбардқа өткізген сәті түсірілген кадрлар;
“Қазпошта” ғимаратындағы бейнежазбалар. Онда айыпталушы туыстары “хабар-ошарсыз кетті” деп саналып жүрген кезде олардың зейнетақысын сабырлы түрде шешіп алғаны көрінеді;
Шымкент вокзалы мен “Қапланбек” шекара бекетінің камераларындағы жазбалар. Бұл материалдар оның елден қашу бағытын көрсетеді. Сондай-ақ іс материалдарында Сәрсемәлиев пен оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиевадан алынған жауаптар бар.
Техникалық ақау ма, әлде тылсым жағдай ма?
Ең ауыр видеоматериалдарды көрсету күтпеген себеппен тоқтап қалған. Эксгумация кадрлары көрсетіліп жатқан кезде сот залындағы техника жаппай істен шыға бастаған: дискілер оқылмай қалған, ал бұған дейін еш қиындықсыз ашылған файлдар кенеттен “бос” болып шыққан.
Тілші бұл жағдайды “тылсым құбылысқа” теңеген. Оның айтуынша, судьяның өзі де болған жайтқа таңғалған, себебі бұған дейін барлық техника қалыпты жұмыс істеп тұрған.
Техникалық ақауларға байланысты негізгі дәлелдемелерді қарау күннің екінші жартысына шегерілді.