Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс соттағы шешуші кезеңге жетті. Мемлекеттік айыптаушы айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының ата-анасын, ағасы мен әпкесін өлтірді деп айыпталып отыр. Сондай-ақ оған қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін иемденуге, банк шоттары мен ұялы телефондарын пайдалануға және қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасады деген айыптар тағылған.
Сот талқылауы барысында айыптау көлемі кеңейтіліп, кісі өлтіруден бөлек, ірі көлемдегі ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы және құжаттарды заңсыз иемдену баптары да енгізілді.
Айыпталушы кейбір эпизодтар бойынша кінәсін ішінара мойындағанымен, төртінші адамның өлімі өзін-өзі қорғау кезінде болғанын айтып, бұл айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Прокурордың пікірінше, бұл іс бойынша ең қатаң жазаны сұрауға бірнеше ауырлататын мән-жай негіз болған. Атап айтқанда, төрт адамның қаза табуы, қылмыстың ерекше қатыгездікпен және пайдакүнемдік ниетпен жасалды деген айып, сондай-ақ бірнеше ауыр қылмыстың бір іс аясында қаралуы ескерілген.
Жәбірленуші тарап соттан материалдық және моральдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіруді сұрады. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Жәбірленушілерге өтемақы қорына төлем өндіріп алуды және сот шығындарын өтеуді талап етті.
Қазіргі уақытта сот жарыссөзі аяқталуға жақын. Келесі кезеңде айыпталушы соңғы сөзін айтып, одан кейін сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
Айта кету керек, прокурордың өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы өтініші түпкілікті сот шешімі болып саналмайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес адамның кінәсі тек заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.
Еске салсақ, бұл іс Атырау облысының Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының төрт мүшесінің өліміне байланысты қозғалған. Тергеу барысында негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптардың көлемі бірнеше рет толықтырылған.