Сұлтан Сәрсемәлиевтің сотында судья болып жүрген Зарема Хамидуллина көлемді сұхбат берді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол “Атырау” газетіне берген сұхбатында Жангелдиндегі қылмыс туралы сұрақтарға жауап берді.
– Өзіңіз білесіз, қазір Жангелдин ауылында бір отбасын қатыгездікпен өлтіру бойынша қылмыстық іс – қоғамның басты назарында. Сот отырыстарында көрсетілетін кейбір бейнематериалдарды қарапайым адамның соңына дейін қарауға дәті жетпейді. Ал судья сол дәлелдердің бәрін мұқият зерттеуге міндетті. Мұндай психологиялық жүктемені қалай еңсересіз?
– Судья қаралып жатқан іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін оның мән-жайына қатысты пікір білдіре алмайды. Сондықтан нақты аталған іс бойынша қандай да бір баға беру немесе ақпарат айту заң талаптары мен судья әдебіне қайшы келеді.
Жалпы ауыр қылмыстық істерді қарау судьядан жоғары психологиялық төзімділік пен кәсіби беріктікті талап етеді. Кейбір істердегі бейнежазбалар, сараптама қорытындылары немесе өзге де дәлелдемелер кез-келген адам үшін ауыр қабылдануы мүмкін. Мұндай материалдардың артында қайғы, адам тағдыры, орны толмас өкініш жатады.
Соған қарамастан судьяның басты міндеті – эмоцияға емес, заңға сүйене отырып, әрбір дәлелдемені толық, жан-жақты және объективті зерттеу. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында құқықтық өлшем бірінші орында тұруы тиіс.
Мұндай жағдайда судья кәсіби біліміне, тәжірибесіне және ішкі жауапкершілік сезіміне арқа сүйейді. Әр істің артында адам тағдыры тұрғанын түсіну жауапкершілік жүгін күшейткенімен, сонымен бірге әділ шешім қабылдауға деген міндетті де айқындайды. Сондықтан қандай күрделі іс болса да, заңдылық пен әділдік қағидаттарынан ауытқымау – судьяның басты ұстанымы әрі қоғам алдындағы миссиясы.
Сонымен қатар психологиялық тепе-теңдікті сақтау да маңызды. Бұл ретте отбасының қолдауы ерекше роль атқарады. Кітап оқу, табиғат аясында серуендеу, рухани және мәдени демалысқа уақыт бөлу сияқты қарапайым нәрселер де ойды сергітіп, ішкі тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Кейде дәл осындай қарапайым дүниелер адамның күш-қуатын қалпына келтіреді.