Атырауда лифт үшінші қабаттан құлап, үш адам ауруханаға түсті

Атырауда лифт үшінші қабаттан құлап, үш адам ауруханаға түсті
Атырау облысы әкімдігі

Атырауда тұрғын үй кешендерінің бірінде төрт адам мінген лифт үшінші қабаттан апатты жағдайда төмен түсіп кеткен. Оқиға салдарынан үш тұрғын ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 5 қазанда Құлманов көшесі, 1Б мекенжайындағы «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің «Б» блогында болған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, лифт ішінде төрт тұрғын болған. Үш адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Төртінші тұрғын дәрігер көмегінен бас тартқан.

Оқиғадан кейін Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов тұрғын үй кешеніне барып, жағдайды бақылауына алды. Жауапты мамандарға лифтінің апатты жағдайда төмен түсуіне не себеп болғанын анықтау тапсырылды.

Сонымен қатар қаладағы барлық лифтілердің техникалық жағдайын тексеріп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалау жөнінде тапсырма берілді.

Атырау қаласында 179 көпқабатты үйде шамамен 570 лифт бар. Оның 67-сін жөндеу жоспарланған. Бұған дейін қалада лифт инфрақұрылымына қатысты мәселе көтерілген. Мәселен, 2012 және 2024 жылдары 30 тұрғын үйдегі 59 лифт ауыстырылған.

Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.