Астанаға есірткінің ірі партиясын жеткізбек болған 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қыз ұсталды. Күдіктілерден жалпы салмағы 3 келіден асатын мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция күдіктілер отырған KIA көлігін елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде тоқтатқан. Көлікті тінту кезінде екі вакуумдалған пакет салынған қорап табылды.
Пакеттерден ақ түсті ұнтақ тәрізді зат тәркіленіп, сараптама оның мефедрон екенін растады. Есірткінің жалпы салмағы 2 келі болған.
Бұдан бөлек, күдіктілер тұрған пәтерге тінту жүргізіліп, тағы 1 келіге жуық осындай зат табылды. Сондай-ақ есірткіні өлшеп, орауға арналған заттар тәркіленді.
Осылайша, полиция жалпы салмағы 3 келіден асатын есірткі затын тәркіледі. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарының жолын анықтап, жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.