Астананың сол жағалауындағы элиталы аудандардың бірінде орналасқан зәулім үйдің сатылымға қойылғаны әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды ult.kz.
Жарнамада көрсетілген мәліметке сәйкес, жер үйдің негізгі аумағы 650 шаршы метрді құрайды және ол 20 сотық жер телімінде орналасқан. Үш деңгейлі тұрғын үйде 10 бөлме бар, ал қосымша құрылыстарды қоса есептегендегі жалпы ауданы 1150 шаршы метрге жетеді. Нысанның бағасы – 1,8 миллион доллар.
Алайда көпшіліктің назарын үйдің көлемі емес, оның ішкі әрлеуі аударған. Жарияланған видеодан интерьерде алтын түстес элементтердің кеңінен қолданылғанын көруге болады. Әсіресе, жуынатын бөлмедегі алтын түстес унитаз бен биде әлеуметтік желі қолданушылары арасында ерекше қызығушылық тудырған.
Пікір қалдырушылардың бір бөлігі үйдің дизайнын әзілмен «сыған бароккосы» стиліне теңеп, мұндай интерьерде күннен қорғайтын көзілдірікпен жүру керек екенін жазған. Басқалары қомақты қаржы мен талғам әрдайым қатар жүре бермейтінін алға тартқан.
Сондай-ақ желі қолданушыларының бірқатары зәулім үйдің иесі кім екеніне қызығушылық танытса, енді бірі әлеуметтік теңсіздік пен элиталық жылжымайтын мүлік бағасы туралы пікірталасқа көшкен.
Осылайша, қымбат жылжымайтын мүлік нысаны сән-салтанатымен біреулерді тәнті етсе, енді біреулер үшін «қымбат әрі бай көріну» ұғымының өзгеше қабылданатынын көрсеткен мысалға айналды.