28-29 қазанда Астанада «Орталық Азиядағы медициналық білім беруді трансформациялау: болашақ денсаулық сақтау жүйелері үшін білім берудегі үздік тәжірибе және цифрлық құзыреттер» атты конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға қатысушылардың қатарында Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, университеттер, халықаралық деңгейде танылған ғалымдар, ғылыми зерттеушілер, сондай-ақ білім беру сапасын бағалау және аккредиттеу ұйымдарының мамандары бар.
Nazarbayev University Медицина мектебінің оқытушысы Елтай Рахмановтың айтуынша конференцияда медициналық білім берудегі инновациялық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, оны білім беру жүйесіне енгізудің негізгі қағидаттары және халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланады. Сонымен қатар өңірде жұмыс істейтін дәрігерлерді, кинезиотерапевтер мен эрготерапевтерді біріктіретін кәсіби ұйымдардың өкілдері де қатысып отыр.

«Сондықтан бұл конференцияның маңызы зор. Ол Орталық Азиядағы медициналық білім беру саласының барлық негізгі мүдделі тараптарын бір алаңға жинап, тәжірибе алмасуға және өңірдегі білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Елтай Рахманов.
Nazarbayev University Медицина мектебінің оқытушысы Гүлжанат Аймағамбетованың сөзінше соңғы 30 жыл ішінде медициналық білім беру саласы үлкен жолдан өтті. КСРО ыдырағаннан кейін барлық елдердің білім беру құрылымы бірдей болғанымен, қазір әрқайсысы өз саласында жеке дамып жатыр.

«Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдерінің контексті ұқсас болғандықтан, осы өңірдің басшылары мен жетекшілерін жинап, ортақ тәжірибе алмасуды көздейміз», – дейді ол.
Ол болашақта шараны басқа да Орталық Азия елдерінде өткізу ниеті бар екенін жеткізді.
Мамандар медицина мен медициналық білім беру жаңа технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің әсерінен қатты өзгеріп жатқанын алға тартып отыр.
«Сондықтан оқыту әдістерін заман талабына сай өзгертіп, дәрігерлерге жаңа технологияларды дұрыс қолдануды үйрету маңызды», – дейді Гүлжанат Аймағамбетова.
Конференцияға дүниежүзілік деңгейдегі жетекші университеттер – мысалы, Маастрихт университеті мен халықаралық сертификациялық агенттіктердің – UK Advance HE өкілдері шақырылған. Бұл ұйымдар оқытушыларды қалай оқыту керектігін зерттеп, стандарттау жұмыстарын жүргізеді.
Нидерланддағы Маастрихт университеті профессоры Эрик Дриссеннің пікірінше, мұғалімдер студенттерге жасанды интеллект ұсынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды үйретуі керек. Ол үшін студенттердің берік білім базасы болуы маңызды.

«Кейде жасанды интеллект дәуірінде білімнің маңызы төмендеді деген пікір айтылуы мүмкін. Алайда клиникалық пайым жасау, мәселелерді шешу және жасанды интеллект ұсынған тұжырымдар мен дәлелдердің дұрыстығын бағалау үшін терең білім қажет», – деп отыр профессор Дриссен.
Сонымен қатар ол клиникалық тәжірибеден алатын пайданы арттыру маңызды екенін де айтып өтті. Оның сөзінше, студенттер ауруханаларда немесе амбулаториялық жағдайда тәжірибеден өткен кезде, пациенттермен жұмыс істегеннен кейінгі талдау мен кері байланысты талқылау олардың білімін тереңдетуге көмектеседі.
«Үшіншіден, студенттерді болашақ мамандығына бағыттап, кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету қажет. Бұл ретте оқытушылардың рөлі ерекше. Дәрігер әрдайым барлық сұрақтың жауабын біле бермейді. Сондықтан өз білімінің шегін түсіну, клиникалық жағдайды дұрыс бағалау және қажет болған жағдайда басқа әріптестерден немесе мамандардан көмек сұрай білу де — маңызды кәсіби дағдылардың бірі», – деді ол.
Гонконг Қытай университеті профессоры Вай-Тат Вонг журналистерге берген сұқбатында Гонконг, Азия және Орталық Азия елдерінің медицина саласындағы білім беру жүйелері ұқсас мәселелерге тап болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі медицина студенттерінің оқу тәсіліне технологиялар, әсіресе жасанды интеллект айтарлықтай әсер етуде. Сондықтан студенттерге жасанды интеллектті медициналық тәжірибеде қалай қолдану керектігін үйретумен қатар, оны білім беру үдерісінде де тиімді пайдалану маңызды.

«Бұл медицина мектептері мен клиникалық оқытушылар үшін үлкен міндет. Әсіресе Азия елдерінде экономикалық даму деңгейі мен мәдени ерекшеліктердің әртүрлілігі медициналық білім берудің бірыңғай тәсілдерін қолдануды қиындатады. Сондықтан халықаралық тәжірибені жергілікті жағдайларға бейімдеп, болашақта медициналық білім беруді жетілдірудің тиімді жолдарын қарастыру қажет», – деді Вай-Тат Вонг.
Профессор Nazarbayev University-де өтіп жатқан конференциядағы баяндамасында жасанды интеллект пен виртуалды шынайылық (VR) сияқты технологияларды қолданудағы соңғы жетістіктермен бөлісті. Сондай-ақ электронды оқыту платформасына негізделген «ауыстырылған сынып» (flipped classroom) форматын жетілдіру жолдарын қарастыратынын айтты.
«Ал бағалау жүйесінде технологияларды қолдану тәжірибеміз әзірге шектеулі. Сондықтан Қазақстанның және басқа елдердің медицина мектептеріндегі тәжірибелерімен танысып, білім алушылардың білімін бағалау үдерісінде технологияларды тиімді пайдаланудың жаңа тәсілдерін үйренуге үміттімін», – деді профессор.
Конференция барысында қатысушылар оқытушылардың кәсіби-педагогикалық әлеуетін арттыруға, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге, инклюзивті оқыту тәжірибелерін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған тәжірибеге бағдарланған интерактивті шеберлік сыныптарына қатысады. Әрбір шеберлік сыныбының қорытындысы ретінде атысушылар медициналық білім беруді институционалдық және өңірлік деңгейде дамыту мен жаңғыртуға бағытталған нақты практикалық шешімдер мен оларды іске асырудың іс-қимыл жоспарын бірлесіп әзірлейді.



