Қазақстанда қысқы дөңгелекке сұраныс артқан тұста интернет-алаяқтар да белсенді бола бастаған. Олар шиналарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертті, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда жалған хабарландыру жариялап, сатып алушылардан тауарды брондау үшін ақша аударуды сұрайды. Кейде сұраныстың жоғары екенін айтып, шинаның толық құнын төлеуді талап етеді.
Ақшаны алған соң олар сатып алушыларды бұғаттап, хабарландыруларын өшіріп, байланысқа шықпай қояды. Нәтижесінде азаматтар ақшасынан айырылып, тауарсыз қалады.
ІІМ мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- Тауарды тексермей тұрып, бейтаныс сатушыға алдын ала төлем жасамау;
- Нарықтағы бағадан тым арзан ұсыныстарға күмәнмен қарау;
- Қысқы дөңгелекті ресми дүкендерден немесе сенімді сатушылардан алу;
- Төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жағдайын тексеру;
- Күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу.
ІІМ ескертуінше, бағаның тым төмен болуы және сатушының төлемді асықтыруы алаяқтық белгісі болуы мүмкін. Алаяқтыққа тап болған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.