Freedom Inside '26

Астанада Олимпиада тарихына арналған бірегей көрме ашылады

Астанада Олимпиада тарихына арналған бірегей көрме ашылады
Gov.kz

Астанада 2026 жылғы 29 шілдеде халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылуымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Афинадан Астанаға дейін. Владимир Потанин коллекциясындағы Олимпиада жәдігерлері» атты көрме өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды ult.kz.

Көрме қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындарының 130 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Экспозиция фиджитал спорт бойынша халықаралық турнирдің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналмақ.

Ресей мен Қазақстанның әлемдік олимпиадалық қозғалыстың дамуына қосқан үлесіне арналған көрмеде Владимир Потаниннің жеке коллекциясынан алынған 141 түпнұсқа жәдігер ұсынылады. Олардың қатарында 1896 жылы Афинада өткен алғашқы Олимпиада ойындарынан берілген марапат және естелік медальдар, олимпиадалық алаулар, дипломдар және өзге де тарихи құндылықтар бар.

Сондай-ақ келушілер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан алынған әйгілі спортшылардың жеке спорттық жабдықтарын тамашалай алады.

Көрменің арнайы бөлімі Қазақстанның олимпиадалық чемпиондары мен жүлдегерлеріне арналады. Мұнда Владимир Смирнов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Денис Тен, Ольга Рыпакова, Геннадий Головкин және Елдос Сметов секілді спорт саңлақтарының өмірі мен жетістіктеріне қатысты фотосуреттер мен жәдігерлер қойылады.

Экспозицияның цифрлық бөлігінде келушілерді заманауи технологиялар күтіп тұр. Нейрожелілік шешімдердің көмегімен цифрландырылған олимпиадалық дипломдардағы ежелгі грек құдайлары мен спортшылардың бейнелері «жанданып», ерекше интерактивті әсер сыйлайды.

Владимир Потаниннің олимпиадалық коллекциясы бұған дейін Мәскеу, Сочи, Бейжің, Минск, Қазан және Санкт-Петербург қалаларында көпшілік назарына ұсынылған. Енді бұл жоба Астанада жалғасын таппақ.

Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, экспозицияның «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің басталу күнімен тұспа-тұс ашылуы олимпиадалық құндылықтардың жаңа цифрлық дәуірдегі спортшылар буынына сабақтастығын білдіреді.