Өзбекстан мен Қытайдан келген компаниялар саны екі айда екі есеге жуық өсті

Өзбекстан мен Қытайдан келген компаниялар саны екі айда екі есеге жуық өсті
ашық дереккөз

Қазақстанда шетелдік қатысуы бар компаниялар саны айтарлықтай артты. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елде 54 мың шетелдік компания жұмыс істеген. Бұл 1 маусымдағы көрсеткіштен 9,4 мыңға немесе 21%-ға көп, деп хабарлайды ult.kz lsm.kz порталына сілтеме жасап.

Ең жоғары өсім Өзбекстан мен Қытай капиталы қатысатын компаниялар саны бойынша байқалды.

Өзбекстанның қатысуымен жұмыс істейтін компаниялар саны екі айда 5,4 мыңнан 10,6 мыңға дейін өскен. Яғни олардың саны шамамен 1,9 есе артқан.

Қытай капиталы қатысатын компаниялар саны да екі есеге жуық көбейіп, 4,3 мыңнан 8,3 мыңға жеткен.

Сонымен қатар Қырғызстан инвесторлары қатысатын компаниялар саны 19%-ға өсіп, 2,3 мыңға жетті. Үндістан компанияларының саны 21,5%-ға артып, 441-ге, БАӘ компаниялары 26%-ға өсіп, 439-ға, Нигерия компаниялары 41%-ға көбейіп, 258-ге жеткен.

Ресейлік компаниялар саны азайды

Қазақстанда шетелдік бизнес арасында әлі де Ресейдің қатысуымен жұмыс істейтін компаниялар көш бастап тұр – 17 мың. Алайда жаз басталғалы олардың саны 699 ұйымға немесе 3,9%-ға азайған.

Түркиялық компаниялар саны 3,2%-ға төмендеп, 3,2 мыңға, Ауғанстаннан келген компаниялар 9,7%-ға азайып, 425-ке жеткен.

Сондай-ақ Нидерланд компаниялары 3%-ға, Беларусь компаниялары 1,6%-ға, Украина компаниялары 0,7%-ға қысқарған.

Шетелдік бизнес қай салаға көп келіп жатыр?

Шетелдік инвесторлар үшін ең тартымды бағыттардың бірі – сауда саласы. Бұл бағытта 18,4 мың компания жұмыс істейді. Екі айда олардың саны 18,8%-ға немесе 2,9 мыңға артқан.

Ал ең жоғары өсім құрылыс саласында тіркелді. Маусымның басында бұл салада 3,5 мың шетелдік компания болса, 1 тамызға қарай олардың саны 6,3 мыңға жетіп, 1,8 есеге өскен.

Өңдеу өнеркәсібіндегі компаниялар саны 19,2%-ға өсіп, 2,5 мыңға жетті. Қызмет көрсету саласында – 2,5 мың (+9,4%), көлік және қоймалау саласында 2 мың компания (+6,9%) тіркелген.

Шетелдік компаниялардың басым бөлігі Алматыда

Шетелдік бизнес ең көп шоғырланған қала – Алматы. Екі ай ішінде мұндағы шетелдік компаниялар саны 38,9%-ға өсіп, 21 мыңнан 29,2 мыңға жеткен.

Астанада олардың саны 13,4%-ға артып, 9,9 мыңға, Шымкентте 8,3%-ға өсіп, 1,4 мыңға жетті.

Маңғыстау облысында 2,8 мың (+2,5%), Қарағанды облысында 1,3 мың (+1,2%), Атырау облысында 1,2 мың (+3,7%) шетелдік компания жұмыс істейді.

Ал Қостанай облысында олардың саны 6%-ға азайып, 1,1 мыңға дейін төмендеген.