Астанада бұрынғы бірге тұрған әйелін бірнеше ай бойы заңсыз аңдыған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, елорда тұрғыны қорғау нұсқамасының талаптарын елемей, төрт ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйелді қудалаған. Ол жәбірленушіге қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, тұрғылықты жеріне барып, үйінің маңында күтіп тұрған және балағат сөздер айтқан.
Осының салдарынан әйел өзінің және кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігі үшін үнемі алаңдап, қорқыныш жағдайында өмір сүрген. Оның жеке қауіпсіздікке және еркін қарым-қатынас жасауға деген құқықтары бұзылған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеп, сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы сталкинг – адамның еркінен тыс байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, күш қолданумен байланысты емес заңсыз қудалау екенін еске салды. Егер мұндай әрекет елеулі зиян келтірсе, заңнамада 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Айта кетейік, Қазақстанда сталкинг бұрын көбіне жеке мәселе ретінде қарастырылса, бүгінде ол қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылық ретінде танылған.