Қазақ кино өнерінің тарихында аз ғана ғұмыр кешсе де, көрермен жадында мәңгі сақталған талантты актерлер бар. Солардың бірі – театр және кино актері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сағи Әшімов. Ол табиғи актерлік шеберлігімен, терең эмоцияға толы образдарымен және ұлттық кинодағы жарқын рөлдерімен ерекшеленді. Өкінішке қарай, оның шығармашылық жолы ерте үзілгенімен, өнердегі мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорында қалды, деп хабарлайды ult.kz.
Балалық шағы мен білімі
Сағи Асанәліұлы Әшімов 1961 жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласында дүниеге келген. Ол қазақтың әйгілі актері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің ұлы. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Сағи бала кезінен театр мен кино әлемінің ортасында өсіп, актерлік өнерге ерте қызығушылық танытты. Кейін Алматы мемлекеттік театр және кино институтында білім алып, кәсіби актер ретінде қалыптасты.
Өнердегі алғашқы қадамдар
Сағи Әшімов алғаш рет жасөспірім шағында киноға түсіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Ол сомдаған кейіпкерлердің шынайылығы мен табиғилығы режиссерлердің назарын аударды. Кейіннен қазақ киносының танымал актерлерінің біріне айналып, жиырмадан астам фильмде рөл орындады.

Шоқан бейнесі арқылы танылған актер
Сағи Әшімовтің шығармашылық жолындағы ең елеулі жұмыстарының бірі – «Шоқан Уәлиханов» көп бөлімді телевизиялық фильміндегі Шоқан Уәлихановтың рөлі. Бұл туындыда ол қазақтың ұлы ғалымының бейнесін асқан жауапкершілікпен сомдап, тарихи тұлғаның болмысын көрерменге әсерлі жеткізе білді.
Кинотанушылар мен өнертанушылар бұл рөлді Сағи Әшімовтің шығармашылық биігі ретінде бағалайды. Көпшілік үшін оның есімі дәл осы Шоқан бейнесімен тығыз байланысты болып қалды.
Фильмографиясы
Сағи Әшімовтің қатысуымен түсірілген белгілі фильмдердің қатарында:
«Өз дәніңді өсір» (1978);
«Мазасыз балалар» (1980);
«Ойлануға бір ай» (1981);
«Қаралы сұлу» (1982);
«Шоқан Уәлиханов» (1982–1984);
«Айсұлу жайлы аңыз»;
«Шығыс дәлізі»;
«Омпа»;
«Фара»;
«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы және басқа да туындылар бар.

Қайғылы қаза
1999 жылдың 18 қазанында Сағи Әшімов «Тоғысқан тағдырлар» атты алғашқы қазақстандық телехикаяның түсірілімі кезінде қайтыс болды. Оның мезгілсіз дүниеден өтуі қазақ өнері үшін ауыр қаза болды. Сол кезде актер небәрі 38 жаста еді.

Сағи Әшімовтің рухани мұрасы
Сағи Әшімов өмірден ерте өтсе де, оның сомдаған кейіпкерлері көрермен жүрегінде сақталып қалды. Әсіресе Шоқан Уәлиханов бейнесі қазақ киносының үздік актерлік жұмыстардың бірі ретінде бағаланады.
2023 жылы Алматы қаласында актер тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, оның есімін ұлықтау мақсатында арнайы рәсім өтті. Бұл қазақ мәдениетінің талантты өкіліне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Әкесі Асанәлі Әшімовтың күнделігінен:
22.09.99
Сағи Германиядан телефонда: «Операцияға бара жатырмын, қорқам», – деп көңіл күйімді төмендетті.
27.09.99
Күз. Көңіл күйім де күзгі күндей. Майра мен сүйікті Мәдиімді қара жер алып кетті. Екеуі де өкінішті өлім. Жүректегі жарақат жазылмастай боп орналасты.
18.10.99
Сағиым үйге келіп, апаммен шешіліп әңгімелесіп отырған үстіне келдім. Таңданып: «Мұндай уақытта келе бермеуші едің», – дедім.
«Аға! Үйге қонғалы келдім», – деді.
Ваннаға түсіп, әбден тазаланып, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой құлыным… Мен үшін әлі де жұмбақ?!
2.11.99
Мәди, Сағи, Майра үшеуі туралы естелік бастадым, ағытылып барам, қолым сырғып отыр.
5.11.99
Ауруханадамын. Таңғы 8.30-да Сағидың «Ағау» деген даусынан ояндым. Сөйтсем, УЗИ-ге баратын уақытым екен.
05.01.2000
Мәдиге бүгін бір жыл.
Майра, Мәди, Сағилардың басына барып құран оқып, гүл қойып қайттық. Катерина Ивановна, Мәдидің үй-іші.
Офиске үстел даярладым. Шота келіп, өмірі жасамаған мінез көрсетіп, 2000 теңге шығарып Игорьға берді. Түсте офиске Қасейінов, Смайылов, Кенжебаев т.б. келді. Мәдиді еске алдық.
30.03.2000
Майра түсіме жиі кіреді. Енді мені алып кетейін деп жүр ме?! Кім білсін?! Рухы күшті екен, екі баласын бір жылда алып алды.
18.07.2000
Құлыным Сағидың туған күні. «Сағи» кафесінде болдым. Сағидың 39 жылдығын өткіздік. «Аға, бүгін менің туған күнім ғой» деп маған ескерту жасағанда, «Мен кейде өз туған күнімді де ұмытам» дейтін едім. Бала сияқты сыйлық күтіп тұратын еді, жарығым. Қалтасындағыны аямай шашып жүретін, 100% ақкөңіл еді, періште күйінде кетті. Көрген түстей жарқ етті де жоқ болды…
04.11.2000
Сағи түсіме жиі кіреді. Бүгін «Аға, есть новости» деп күліп тұр.
30.03.2001
Сағинаға қырық күн.
Майра, Мәдидің, Сағидың басына барып, құран оқып қайттым. Алтындарым қозғалар емес...