Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 әскери қызметшінің бірі Алмас Көбеновтің үйіне барып, отбасына көңіл айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Блогердің айтуынша, Алмас Көбенов отбасындағы бес баланың кенжесі болған. Оның екі ағасы да әскер қатарында болып, әскери борышын өтеп келген.
Сәрсенбаев отбасының қазір ауыр жағдайды бастан өткеріп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, Алмастың анасы қатерлі ісікке байланысты ем қабылдап жатыр.
«Анасы қатерлі ісікпен ауырады, екінші кезеңінде, қазір химия сәулесін қабылдап жатыр. Өкінішке қарай, ұлы қаза болған күні оның ем қабылдауы керек болған. Алайда қайғылы жағдайға байланысты емін үй жағдайында алуға мәжбүр болған», – деп жазды блогер.
Оның мәліметінше, отбасы қарапайым жағдайда өмір сүріп отыр. Блогер үйдегі ауыр ахуалды да атап өткен.
2006 жылы туған Алмас Көбенов Қарақалпақстанда дүниеге келген. Кейін Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Баянды ауылында тұрған. Ол 29011 әскери бөлімінде матрос, гранатаатқыш болып қызмет атқарған.
Айта кетейік, Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.