АҚШ-та 8 жастағы баланың өліміне қатысты сот басталды

АҚШ-та 8 жастағы баланың өліміне қатысты сот басталды
Фото: freepik

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Комптон қаласында сегіз жастағы Исайя Х.-ның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Іс бойынша баланың анасы, әкесі және әжесі айыпталып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, Исайя 2025 жылдың қазан айында алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған. Баланың денесі қайтыс болғаннан кейін төрт күн өткен соң Линвуд қаласындағы пәтерден табылған. Ол мұз салынған тоңазытқыш-контейнердің ішіне жасырылған.

Лос-Анджелес округі прокуратурасының мәліметінше, бала ұзақ уақыт бойы анасы Дестини Лаки Харрисон, әкесі Дэниел Альберто Монсон және әжесі Ана Каркамо Зарсено тарапынан зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін.

Соттағы алғашқы тыңдауда баланың әкесінің танысы куәлік берді. Оның айтуынша, отбасы мүшелері оны Исайя ауырып қалды деген себеппен үйге шақырған. Кейін куәгер баланың соққыға жығылғанын білген.

Куәгердің сөзінше, Исайя құлап, басын жарақаттағаннан кейін туыстары жедел жәрдем шақырудан қорыққан. Осы себепті балаға уақытында медициналық көмек көрсетілмеген.

Кейін баланың әжесі оған Исайяның қайтыс болғанын айтқан. Куәгердің мәлімдеуінше, баланың денесі тағамдық пленкаға оралған. Отбасы оны сақтау үшін арнайы тоңазытқыш сатып алған. Сондай-ақ отбасы мүшелері одан мәйіттен құтылуға көмектесуін сұраған.

Сотта Исайяның өмірінің соңғы кезеңіндегі жағдайы да сөз болды. Баланың әпкесінің айтуынша, отбасы оның салмағына алаңдап, тамақтануын шектеген. Денесі табылған кезде баланың салмағы шамамен 29,5 келі болған.

Үш айыпталушыға да кісі өлтіру, азаптау және баланың өліміне әкеп соққан қатыгез әрекеттер жасау бойынша айып тағылған. Ал баланың әкесі мен әжесі оның өлімінен кейін қылмысты жасыруға қатысты қосымша айыппен жауапқа тартылып отыр.

Айыпталушылар сотта кінәлі деп танылса, әрқайсысы 32 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, АҚШ-тың Мичиган штатында бір отбасының сегіз мүшесі қаза тапқан қайғылы оқиға болды. Полицияның мәліметінше, ер адам әйелін және алты баласын атып өлтіріп, кейін үйді өртеп, өзі де суицид жасаған.