АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандум мәтіні бойынша келісімге келді. Құжатқа 19 маусымда Швейцарияда қол қою жоспарланып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Mehr агенттігінің хабарлауынша, келіссөздер барысында тараптар бірқатар маңызды мәселелер бойынша ымыраға келген.
Келісім шарттарына сәйкес, АҚШ Иранның бұғатталған активтерінен 24 миллиард долларды босатуға және оның жартысын мәміле күшіне енгенге дейін қайтаруға келіскен. Сонымен қатар Вашингтон Тегеранға қарсы мұнай санкцияларын алып тастап, жаңа шектеулер енгізбеуге міндеттеме алады.
Сондай-ақ АҚШ пен оның одақтастары Иран экономикасын қалпына келтіруге бағытталған көлемі кемінде 300 миллиард доллар болатын бағдарламаны ұсынбақ.
Өз кезегінде Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шарт аясындағы міндеттемелерін орындауға және ядролық қару жасамауға келіскен. Бұған қоса, Иранның зымырандық бағдарламасы АҚШ-пен жүргізілген келіссөздердің күн тәртібінен шығарылған.
Мәліметтерге сәйкес, қорытынды келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен бекітіледі. Сонымен бірге АҚШ теңіз блокадасын тоқтатып, Ормуз бұғазын ашуға ниетті.
Осыдан кейін Италия, Франция, Германия және Ұлыбритания Иранға қарсы санкцияларды жоюға дайын екенін мәлімдеді. Еуропаның төрт елі таратқан бірлескен мәлімдемеде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша нақты әрі сенімді қадамдарына жауап ретінде санкцияларды алып тастауға әзір екендері айтылған.