Ақбаян Мұқанғалиеваның балалармен қауышқан сәтінің видеосы тарады

Ақбаян Мұқанғалиеваның балалармен қауышқан сәтінің видеосы тарады
Фото: видеодан кадр

Атыраудағы ауыр қылмыстық оқиғадан кейін психикалық денсаулық орталығында ем қабылдаған Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шықты. Қазір ол жақындарының қарауында, деп хабарлайды ult.kz.

Ақпаратқа сәйкес, соңғы уақытта Ақбаян балаларымен кездесіп, олармен қайта қауышып жүр. Қазір оның денсаулығын қалпына келтірумен қатар, қалыпты өмірге қайта бейімделуіне басымдық беріліп отыр.

Ол әлеуметтену және оңалту мақсатында түрлі орталықтарға барып, қажетті сауықтыру шараларынан өтіп жатыр.

Ақбаянның апасы Д.-ның айтуынша, сіңлісінің қазіргі жағдайы жақсы. Ауруханадан шыққаннан кейін өзін біршама жақсы сезіне бастаған.

«Қазір Ақбаянның жағдайы жақсы. Үйге шықты. Өзін жақсы сезінеді. Ендігі жерде толықтай қалыпқа келуі үшін уақыт қажет. Сауықтыру, емдеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Адамның осындай жағдайдан кейін қайта аяққа тұрып, өмірге бейімделуі оңай емес. Сондықтан оған жақындарының қолдауы да маңызды», – деді ол.

Жақындарының сөзінше, Ақбаянның толықтай қалыпқа келіп, күнделікті өмірге қайта бейімделуі үшін әлі де уақыт қажет.

Не болған еді?

Биыл Атырау облысында Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты атышулы қылмыстық іс қоғамның назарын аударды. Ол бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы мен екі бауырын, яғни төрт адамды өлтірді деп айыпталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, қаза тапқандардың арасында 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева, 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалина және 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев болған.

Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиевтің Ақбаянмен қарым-қатынасы, олардың ажырасуы және отбасындағы жанжалдар туралы да айтылды. Ерлі-зайыпты 2016 жылы шаңырақ көтерген. 2022 жылы Ақбаян балаларын алып, ата-анасының үйіне кеткен. Кейін ерлі-зайыпты қайта қосылғанымен, қарым-қатынастарында қиындықтар жалғасқан.

Қылмыстық іс барысында Ақбаян Мұқанғалиеваға да қатысты тергеу жүргізілген. Оған бұрынғы күйеуінің қылмысын жасырды деген күдік болған. Алайда кейін прокуратура оның қылмысты жасырғанын растайтын жеткілікті дәлел анықталмағанын мәлімдеп, іс тоқтатылған.