Ақбаян кішкентай баласын туғанын да білмейді: психиатриялық диспансердегі жағдай

Ақбаян кішкентай баласын туғанын да білмейді: психиатриялық диспансердегі жағдай
Фото: әлеуметтік желіден

Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік қылмысқа қатысты тың деректер жария болуда. Тергеу мәліметінше, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев балдызы Наурызды өткен жылдың мамыр айында пышақтап өлтірген. Сол кезеңде туыстарының «Наурыз жұмысқа қалаға кеткен» деп айтуы да осы оқиғамен тұспа-тұс келген, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, арада шамамен жарты жыл өткен соң, қараша айында ол отбасының тағы үш мүшесінің — ата-анасы мен Мирамкүлдің өліміне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді.

Ал Ақбаян Мұқанғалиева қазір Алматыдағы республикалық психиатриялық диспансерде тексерістен өтіп жатыр. Жақындарының сөзінше, ол өзіне келген адамдардан ата-анасының жағдайын сұрап, Наурызды іздей береді екен.

Желіде тараған мәліметтердің бірі көпшілікті есеңгіретіп отыр. Ақбаян төрт баласын ғана есінде сақтап, бесінші сәбиін дүниеге әкелгенін білмейді деген ақпарат айтылуда.