Анна Данченко анасының қазасынан кейін жан сырын ақтарды

Анна Данченко анасының қазасынан кейін жан сырын ақтарды
Фото: Анна Данченконың жеке парақшасынан

Танымал тележүргізуші Анна Данченко жақында өмірден өткен анасы туралы естелігін бөлісіп, әлеуметтік желіде жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Тележүргізуші анасының қазасынан кейін көңілі босап жүргеніне қарамастан, той жүргізуге тура келгенін айтты. Оның сөзінше, шара иелері оны бірнеше ай бұрын шақырып қойғандықтан, ұсыныстан бас тартуға ыңғайсызданған.

«Жүрегің жаралы, бірақ той жүргізіп жүрсің… Біреудің қуанышын бұзуға менің құқығым жоқ. Той иелері үлкен өтінішпен жаз басында шақырып қойған еді. Бас тарта алмадым, ыңғайсыздандым», – деп жазды Анна Данченко.

Ол той барысында анасының қоңырауын күтумен болғанын да айтты. Әдетте анасы хабарласып, тамақтануын ескертіп, үйде күтіп отыратын.

«Қайта-қайта телефонға қараймын. Анам хабарласушы еді: “Тамақ ішіп жүр, мен сені үйде күтіп отырмын” деп», – деп еске алды тележүргізуші.

Айта кетейік, бұған дейін тележүргізушінің анасы көз жұмғанын хабарлаған едік. Сонымен қатар, бұған дейін Анна Данченко танымал психолог Индира Раззақтан сұхбат алған.  

Анна Данченко кім?

Анна Данченко – қазақстандық журналист, тележүргізуші және оқытушы. Ол Қызылорда облысындағы Арал қаласында өсіп, мектепті де сол жерде аяқтаған.

Анна Данченко жоғары оқу орнында журналистика мамандығын оқымаған. Соған қарамастан, телевизия саласына қызығушылық танытып, кәсіби жолын осы бағытпен байланыстырған. Оның негізгі білімі педагогика саласына қатысты. Кейін филология бойынша магистр дәрежесін алып, 2019 жылы PhD дәрежесін иеленген.

Телевизиядағы еңбек жолын Ақтөбе облыстық телеарнасында бастаған. Алғашқы жылдары таңғы бағдарламаны жүргізіп, эфирдегі тәжірибесін шыңдады. Кейін 31 арнаға ауысып, жаңалықтар мен авторлық жобалардың жүргізушісі ретінде көрерменге кеңінен таныла бастады. Анна Данченконы көпшілік "Өмір және өнер", "Айта берсін" сияқты бағдарламалар арқылы да жақсы біледі. Әр жылдары НТК телеарнасында тікелей эфир жүргізіп, кейін "Жетінші арнаның" жобаларына да қатысты.

Журналистік қызметімен қатар, ол ұстаздық бағытта да еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика және филология салалары бойынша студенттерге сабақ берген.

Анна Данченко қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Қазақ тіліндегі телевизиялық жобаларды жүргізуі арқылы ол отандық медиа кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған журналистердің бірі саналады.

Сонымен қатар, журналист жуырда ғана сотталған Нұрсұлтан Жақсыгеннен де сұхбат алған.