Алматыда ер адам мүмкіндігі шектеулі қызды пәтерге алдап шақырып зорлық көрсеткен (ВИДЕО)

Алматыда ер адам мүмкіндігі шектеулі қызды пәтерге алдап шақырып зорлық көрсеткен (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Алматы қаласының тұрғыны эпилепсия және ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар 26 жастағы қызына қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасалғанын айтып, құқық қорғау органдарының шешіміне наразылық білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Jas Alash дерегінше, оқиға 2026 жылдың наурыз айында болған. Оның сөзінше, сот-медициналық сараптама қыздың жыныстық зорлыққа ұшырағанын растаған. Алайда кейін полиция қылмыстық істі тоқтатып, бұл шешімді аудандық прокуратура мақұлдаған.

Анасы қызының денсаулық жағдайына байланысты өз бетінше саналы шешім қабылдай алмайтынын айтады. Оның сөзінше, 26 жастағы қыздың ойлау қабілеті жас бала деңгейінде: ол оқи алмайды, уақытты ажырата алмайды және күнделікті өмірде тұрақты күтімді қажет етеді. Соған қарамастан, тергеу барысында болған оқиға «өзара келісіммен жасалған» деген қорытынды жасалғанын жеткізді.

Сондай-ақ әйел күдікті тараптың істі тоқтату үшін ақша ұсынғанын, бірақ одан бас тартқанын мәлімдеді. Ол кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жәбірленуші тарап келтірген уәждер тергеу барысында өз дәлелін таппаған.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарына сәйкес, қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл шешімді аудандық прокуратура қадағалаушы орган ретінде мақұлдады», – деді ведомство өкілі.

Қазіргі таңда жәбірленуші тарап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа жүгініп, істің қайта қаралып, жан-жақты әрі әділ тергелуін қамтамасыз етуді сұрап отыр.