Алматыда бұрын полиция қызметкері болған ер адамның қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Алдын ала нұсқалардың бірінде марқұмды әйелі өртеп жіберуі мүмкін деген болжам қарастырылып отырғаны айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін марқұмның туыстары оқиғаға қатысты өз пікірін білдірген еді. Енді күдікке ілінген әйелдің жақындары да алғаш рет үн қатып, отбасындағы жағдайға қатысты өздеріне белгілі мәліметтерді жариялады.
Күдіктінің сіңлісі Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әпкесі мен марқұмның арасындағы қарым-қатынасқа қатысты бірқатар жайтты айтты. Оның сөзінше, ер адам әйелін ғана емес, балаларын да ұрып-соққан.
«Ұлдарын таңға дейін ұрған. Әйелін де ұратын. Оны өзі видеоға түсіріп алатын болған. Оны әпкем айтты. Әпкем қанша кетіп қалса да, күйеуі келіп алып кететін. Білмеймін, қорқытады ма, не үшін кететінін түсінбейтінбіз», – деді ол.
Күдіктінің туыстары істің барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты зерттелуі керек деп санайды. Олар тергеу аяқталмай тұрып, оқиғаға қатысты біржақты пікір қалыптастырып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен күдіктінің кінәсі бар-жоғын құқық қорғау органдары анықтайды.