Алматыда 32 жастағы жүкті әйел мен оның дүниеге келмеген сәбиінің өліміне қатысты тергеу басталды. Марқұмның туыстары дәрігерлерді дер кезінде көмек көрсетпеді деп айыптап отыр, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының жазуынша, марқұмның жұбайы Алексей Ефименконың айтуынша, 5 мамырға қараған түні әйелі өзін жайсыз сезініп, бірнеше рет есінен танып қалған. Осыдан кейін жедел жәрдем шақырылып, әйел алдымен перзентханаға, кейін қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілген.
Жүктіліктің сегізінші айындағы әйелге шұғыл кесарь тілігі жасалған. Алайда нәресте өлі күйінде дүниеге келген. Ер адамның сөзінше, дәрігерлер отбасыға баланың шетінеуі туралы бірден хабарламаған.
Операциядан кейін әйел жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер оның жүрегі бірнеше рет тоқтап қалғанын, қан кетуді тоқтатуға және өмірін сақтап қалуға тырысқанын айтқан. Алайда 7 мамыр күні әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің миына қан құйылған. Сот-медициналық сараптама қорытындысында да миға қан құйылу және бас-ми жарақаты көрсетілген. Дегенмен жарақаттың қалай пайда болғаны әзірге белгісіз.
Марқұмның туыстары оқиғаның нақты қалай болғанын, диагноздың қашан қойылғанын және дәрігерлердің қандай әрекет жасағанын білгісі келеді. Олардың пікірінше, әйел бірнеше медициналық мекеме арасында уақыт жоғалтып, қажетті көмекті дер кезінде ала алмаған.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүкті әйелге қатысты алдын ала диагноз анықталғанын, бірақ тергеу аяқталмайынша жарияланбайтынын мәлімдеді. Ведомство дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық және хирургиялық көмекті көрсеткенімен, ана мен баланы аман алып қалу мүмкін болмағанын хабарлады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру және сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйел мен сәби өлімінің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.