“Алғаш ғашық болған – мен”: Назгүл Қарабалина жеке өмірі туралы айтты

“Алғаш ғашық болған – мен”: Назгүл Қарабалина жеке өмірі туралы айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстандық актриса, продюсер әрі режиссер Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттармен бөлісті. Өнер иесі отбасы мен баласына байланысты орынсыз сұрақтардың көңіліне тиетінін де жасырмады, деп хабарлайды ult.kz.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы кей адамдардың өзінен неліктен бір ғана бала сүйгенін сұрайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай сауал қоюды надандық немесе білімсіздік деп бағалауға болады. Қарабалина бір ұлы барына шүкіршілік ететінін, ал жақын адамдары мұндай жеке мәселелерге араласпайтынын жеткізді. Керісінше, оның өміріне қатысты егжей-тегжейлі сұрақтарды көбіне алыстау таныстары қоятынын атап өтті.

Актриса сұхбат барысында алғашқы күйеуі Азаматпен қарым-қатынасының қалай басталғанын да еске алды. Оның сөзінше, академияда оқып жүрген кезінде Азамат оған аса қызығушылық танытпаған. Ал оған бірінші болып Қарабалинаның өзі ғашық болып, жігіттің назарын аударуды армандаған.

Сол уақытта өнер иесі сезімдері мен армандарын арнайы альбомға жазып жүрген. Жазбаларында Азаматпен отбасын құруды тілеп, егер арманы орындалса, оның зейнеткер ата-анасына қамқор болып, тоғыз бауырымен жақсы қарым-қатынаста болуға ниетті екенін жазған.

Кейін Азамат бұл жазбаларды кездейсоқ оқып қойған. Қарабалинаның айтуынша, осы жағдайдан кейін оның өзіне деген көзқарасы өзгерген болуы мүмкін. Актриса өзінің сезімі әуел бастан шынайы болғанын, ал Азамат бастапқыда есеппен үйленгенін айтты. Дегенмен қазір жұбайының өзін жақсы көретініне сенімді екенін жеткізді.

Айта кетейік, Азамат Сатыбалды "Парасат" орденімен марапатталды.

Азамат Сатыбалды кім? 


Азамат Сатыбалды – қазақстандық театр және кино актері, продюсер әрі тележүргізуші. Ол 1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып, еңбек жолын Қостанай облыстық драма театрында бастаған. 2001 жылдан М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып еңбек еткен.

Көрерменге “Ағайынды”, “Жерұйық”, “Ғашық жүрек-2”, “Қара шаңырақ”, “Рэкетир-2”, “Үйге апарар жол” және басқа да кинотуындылардағы рөлдері арқылы танылған. 2017 жылы “Cinema 28” киностудиясы мен “28 THEATRE” театрын құрды.

Азамат Сатыбалды 2018–2022 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын басқарды. Кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды, ал 2023–2024 жылдары “Қазақфильм” киностудиясының президенті қызметін атқарды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Актриса Назгүл Қарабалина – Азамат Сатыбалдының жұбайы. Ерлі-зайыпты бір ұл тәрбиелеп отыр.