Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеп, жаңа шаһардың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің сөзінше, Алатау қаласын салу туралы шешім екі жыл бұрын қабылданған және жоба бизнестің, инновацияның әрі инвестицияның жаңа орталығына айналуы тиіс.
— Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бүгінде қала дамуына қажетті құқықтық негіз толық қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, цифрлық активтерді дамытуға қолайлы жағдай жасалуда.
— Бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар қарқынды дамитын қала деп атауға болады, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы облысының экономикалық көрсеткіштері жаман емес екенін атап өтті. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңгеге жетіп, 5,4 пайызға өскен. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Алайда Президент өңірдегі бірқатар мәселелерге де тоқталды. Әсіресе Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысының баяу жүріп жатқанын сынға алды.
— Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. "Баяғы жартас – сол жартас", қаланың келбеті өзгеріссіз күйде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Alatau City жобасына үлкен үміт артатынын айтып, оны әлемдегі табысты жаңа қалалармен салыстырды.
— Alatau City жобасы – шын мәнінде жан-жақты зерделеніп, пысықталған жоба. Біз бұл бастамадан зор нәтиже күтеміз, – деді ол.
Президенттің айтуынша, Алатау болашақта үлкен деректер, жасанды интеллект және цифрлық технологияларға негізделген толыққанды «ақылды қалаға» айналуы тиіс.
— Alatau City инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
— Бұл өтініш немесе кеңес емес, бұл – нақты тапсырма, – деп атап өтті Тоқаев.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Алатауды цифрлық активтерді дамыту мен жаңа қаржы архитектурасын қалыптастырудың стратегиялық алаңы ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қала Орталық Азиядағы алғашқы криптоқалаға айналуы мүмкін.
Сонымен бірге Президент өңірдегі инфрақұрылымдық проблемаларға назар аударып, жаңа қалаға қосылған елді мекендерде электр қуатының жиі өшуі, интернеттің, сапалы жолдардың және орталықтандырылған су жүйесінің жетіспеуі секілді мәселелер шешілуі тиіс екенін айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Алатау қаласы ресурстарды үнемді пайдалану мен экологиялық мәдениеттің үлгісі болуы керектігін атап өтті.
— Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс, – деді Президент.
Сондай-ақ ол Үкімет пен әкімдіктерге «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын орындау конституциялық міндет екенін еске салды.