Freedom Inside '26

Аида Балаева: Жалған ақпарат көбейген шақта кәсіби журналистиканың маңызы арта түсті

Аида Балаева: Жалған ақпарат көбейген шақта кәсіби журналистиканың маңызы арта түсті
ашық дереккөз

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, ақпарат саласының қоғамдағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.

Министр өз құттықтауында ақпарат кеңістігінің қарқынды өзгеріп жатқанын айтып, жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект пен дипфейктер журналистерге тың міндеттер жүктеп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол кәсіби журналистиканың негізгі қағидаттары өзгермейтінін жеткізді.

– Аудиторияның сенімі, қоғам алдындағы адалдық және жарияланған әрбір ақпаратқа деген жауапкершілік – журналистиканың басты құндылықтары болып қала береді, – деді Аида Балаева.

Министр Мемлекет басшысының «Қалам елді түзейді» деген сөзін еске алып, журналистиканың қоғамды ұйыстырудағы, ақиқатты жеткізудегі және оң өзгерістерге бастайтын маңызды күш екенін айтты.

Жаңа Конституция және БАҚ-тың рөлі

Аида Балаева биыл ел үшін тарихи маңызы бар кезең басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституция заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Министрдің сөзінше, Ата Заңдағы өзгерістер медиа саласының маңызын одан әрі арттырады. Конституцияда сөз бостандығы, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығы, дербес деректерді қорғау және ақпарат таратудағы жауапкершілікке қатысты маңызды қағидаттар бекітілген.

200 журналист баспанамен қамтылды

Министрдің мәліметінше, мемлекет ақпарат саласы қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Соңғы үш жылда Астанада 200 журналистке баспана берілген. Ал биыл еліміздің барлық өңірінен, оның ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 66 қызметкеріне пәтер кілті табысталады.

Сөз соңында Аида Балаева журналистерге адал еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс, зор денсаулық және отбасыларына амандық тіледі.