Әнші Қарақат Әбілдина үйінде қазақ эстрадасына танымал АБК тобының мүшелері бас қосып, өткен күндерді еске алғанын айтып, парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
«Бүгін біздің үйге АБК-ның серілері ат басын тіреді… Бұл азаматтарды танығаныма биыл тура 30 жыл екен. АБК тобының құрылғанына да — 30 жыл», – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Қарақаттың айтуынша, АБК тобының әндері оның студенттік шағымен тығыз байланысты.
«АБК-ның әндерімен студенттік шағым өтті. Оларды көрген сайын көз алдыма бал-бұл жайнаған 18 жасым келеді… Арман көп, уайым аз, көңіл алаңсыз кез. Қандай шақтар еді…» – деп еске алды ол.
Дастарқан басында отырған жандар 30 жыл бұрынғы күндерді бір-бірлеп еске алып, бірге жүрген достарын сөз еткен. Бірде күліп, бірде күрсініп, өмірден өткен жақындарын да еске алды.
Солардың бірі – Медеу Арынбаевтың жары Айгүл. Қарақат Әбілдина марқұммен туған абысындардай жақын араласқанын айтып, оның жарқын бейнесін еске алды.
«Айгүлмен туған абысындардай жақын араластық. Жаны сондай жақсы адам еді… Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын! Көрмеген жақсылығын артында қалған ұл мен қызына көру бұйырсын!» – деп жазды әнші.
Басқосу барысында Ерлан Көкеев пен Анардың отбасы туралы да сөз болған. Қарақат олардың бүгінде екі рет құда-құдағи атанғанын айтып, қызық жайтты бөлісті. Екі отбасының қыздары бір әулетке келін болып, абысын атанған. Бұған әнші таңданысын жасыра алмай:
«Өмір деген қандай қызық?!..» – деді ол.
Әнші уақыттың қалай зымырап өткенін өз отбасындағы естелікпен де байланыстырды.
«Кеше ғана біздің үйлену тойымызда менің той көйлегімнің етегін ұстап жүрген 4-5 жастағы Айкамыз бір әулеттің үлкен келіні атанып отыр. Қыздарымыздың барған жерінде бағы жанып, бақыттары баянды болсын!» – деп тілек білдірді Қарақат Әбілдина.
Әнші үшін бұл кездесу 30 жылдық тарихты қайта парақтағандай әсер қалдырған.
«30 жыл… Осы бір санның ішінде қаншама өмір жатыр десеңізші. Жастық шақ, достық…» – деп жазды ол.