88,8 млн теңге жымқыру: Залалды өтемеген бухгалтер қайтадан 7 жылға сотталды

88,8 млн теңге жымқыру: Залалды өтемеген бухгалтер қайтадан 7 жылға сотталды
Ашық дереккөзден

Атырау облысында бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша сотталған мемлекеттік мекеменің есепшісіне қолданылған рақымшылықтың күші жойылды. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2023–2024 жылдары есепші мекеме басшысымен сөз байласып, 88,8 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген.

Бірінші сатыдағы сот әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырған. Алайда кейін рақымшылық туралы заң негізінде жаза мерзімі төрт жыл сегіз айға дейін қысқартылған.

Кейін Бас прокуратура рақымшылықтың заң талаптарына қайшы қолданылғанын анықтады. Қолданыстағы заң бойынша аса ірі көлемдегі жымқыру қылмысы үшін жаза келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталған азаматша мемлекетке келтірілген шығынды толық өтемеген.

Сонымен қатар одан 36,8 миллион теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы сот қаулысы шығарылған. Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жазаны үштен бірге қысқартқан, ал апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Бас прокуратураның кассациялық наразылығы нәтижесінде рақымшылықты қолдану туралы шешімнің күші жойылып, бастапқы үкім – жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы қайта күшіне енді.

Прокуратура заңда көзделген талаптардың бірі – келтірілген залал толық өтелмейінше рақымшылық қолданылмайтынын тағы бір мәрте еске салды.