Ақтөбе облыстық соты 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты шығарылған үкімді қайта қарап, оны сот залынан босатты, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін ол қожалық иесінің арызынан кейін 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мойнына шамамен 30 миллион теңге шығын ілінген болатын. Алайда апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдер нәтижесінде бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.
Апелляциялық сот отырысы эмоцияға толы өтті. Өмірінің 33 жылын жылқы бағуға арнаған Рахат Сәрсенов үкім өзгергеннен кейін сот залынан бостандыққа шықты. Денсаулығы сыр берген азамат сот барысында сөйлей алмай, көз жасына ерік берді. Оның инсульттен кейін бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемей қалған, сөйлеуі де қиындаған.
Марқұм емес, көзі тірі бауырының тағдыры үшін күрескен әпкесі Алтынай Сәрсенова оның өмір бойы адал еңбек еткенін айтып, қожалық иесінің әрекетіне наразылық білдірді.
Оның сөзінше, Рахат Сәрсенов 1994 жылдан бері бір қожалықтың жылқысын бағып келген. Жылдар бойы мал соңында жүріп, ауыр еңбек еткен ол инсульт алып, ауруханаға түскен кезде үстінен арыз түсіп, қамауға алынған.
«Інімнің қан қысымы 250–280-нен түспейді. Үнемі ем қабылдап жатыр. Ол өмірінің 33 жылын жылқы бағуға арнады. Инсульт алғаннан кейін ауруханада жатқан кезінде үстінен арыз жазылып, 100 бас жылқыны ұрлады деген айып тағылды. Сауаты жоқ болғандықтан, неге қол қойып жатқанын түсінбей, қорыққанынан құжаттарға қол қойған. Соның салдарынан 2 ай 20 күн қамауда отырды. Тіпті үйін банкке кепілге қойғанын да кейін білдік. Қазір өзі киіне де алмайды, сөйлеуі анық емес. Соған қарамастан арамызға аман оралғанына қуаныштымыз», – деді Алтынай Сәрсенова.
Сот барысында Рахат Сәрсеновтің өзі ешқандай мәлімдеме жасай алмады. Оның жұбайы да ІІ топтағы мүгедек екені айтылды. Бес баланың анасы жолдасының жазықсыз жаза арқалағанын айтып, әділдіктің салтанат құрғанына қуанышты екенін жеткізді.