2,8 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған алаяққа сот үкімі шықты

2,8 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған алаяққа сот үкімі шықты
Ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтық қылмыстық схемасына қатысқан азаматқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, тергеу материалдарына сәйкес, алаяқтар Петропавл қаласының тұрғынына банк қызметкерлері ретінде хабарласып, оның есепшотындағы қаражатқа бөгде адамдар қол жеткізгенін айтып сендірген. Кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажет деген желеумен жәбірленушіні несие рәсімдеуге және алынған қаражатты өздері көрсеткен есепшотқа жіберуге көндірген.

Тергеу барысында қылмыстық схеманың қатысушыларының бірі Павлодар қаласындағы банкомат арқылы жәбірленушіге тиесілі 2 млн 860 мың теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, кейін оны криптовалютаға айырбастағаны анықталды. Ол бұл әрекеті үшін ақшаның бір бөлігін өзіне қалдырған.

Күдікті ізін жасыру үшін банкоматқа медициналық бетперде мен кепка киіп барғанымен, полиция оның жеке басын анықтады. Ол – Павлодар облысының 21 жастағы тұрғыны.

Сот оның заңсыз жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру міндетін қасақана орындағанын дәлелденген деп танып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленушіге келтірілген 2 млн 790 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енді.