Қырғызстанда 26 жастағы Айчүрөк есімді келіншектің жұмбақ жағдайда қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тұрғындар істің әділ әрі ашық тергелуін талап етуде, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында SUPER.KG порталының тілшілері марқұмның туған үйіне барып, анасымен, ағасымен және басқа да жақындарымен сұхбаттасқан. Олар Айчүрөктің өліміне қатысты өз күмәндерін айтып, тергеудің әділ жүргізілуіне үміт білдірді.
Марқұмның анасының айтуынша, қызы ешқашан өзіне қол жұмсайтын адам болмаған. Ол Айчүрөктің өмірге құштар, болашаққа жоспарлары көп болғанын айтып, оның өліміне қатысты барлық мән-жайдың мұқият тексерілуін сұрады.
«Қызым мұндай қадамға бармайтын еді. Біз тек әділдік орнап, кінәлілер заң алдында жауап берсе екен дейміз», – дейді ол.
Марқұмның ағасы да отбасының оқиғаның ресми нұсқасына күмәнмен қарайтынын жеткізді. Оның сөзінше, отбасы істің толық ашылып, барлық сараптама нәтижесі жария болғанын қалайды. Марқұмның туыстары келіншектің қайын енесі психикалық ауытқуы бар деген құжат дайындап жүргенін айтты.
Бұл оқиға Қырғызстан қоғамында қызу пікірталас тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарын тергеуді ашық жүргізуге шақырып, оқиғаның шынайы себебі анықталуы тиіс екенін жазуда. Көпшілік жас келіншектің өліміне қатысты барлық күмәнді жайттарға құқықтық баға берілуін талап етуде.