238 млн теңге: мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан әкелінді

238 млн теңге: мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан әкелінді
ашық дереккөз

Қазақстанда мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген күдікке ілінген әйел Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері күдіктіні Грузиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен елге жеткізді.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2020–2023 жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара сатып алуға арналған жалған келісімшарттар мен басқа да құжаттарды пайдаланған. Осы арқылы жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған.

Тергеу нұсқасы бойынша, келтірілген залалдың жалпы көлемі 238 млн теңгеден асады.

Қылмыстан кейін күдікті шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Күдіктіге тағылған айып дәлелденген жағдайда мүлкін тәркілеу және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру қылмыстары бойынша халықаралық іздеуде болған.