Freedom Inside '26

22 миллион теңге шығын: алаяқтарға шот тауып бергендер сотталды

22 миллион теңге шығын: алаяқтарға шот тауып бергендер сотталды
polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтарға банк шоттарын тауып беріп, қылмыстық схемаға көмектескен бес адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, жасы 20 мен 25 аралығындағы күдіктілер өткен жылдың шілде айында ұсталған. Тергеу барысында олардың интернет-алаяқтықтың 31 эпизодына қатысы бары анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, шетелде отырған алаяқтар қазақстандықтарға ұялы байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің және түрлі ұйымдардың атынан хабарласқан. Олар азаматтарды SMS арқылы келген кодтарды айтуға көндіріп, кейін қаржыларына қауіп төніп тұрғанына сендірген.

Одан әрі жәбірленушілердің атына ірі көлемде несие рәсімделіп, қаражат «қауіпсіз шоттарға» аударылған. Алайда бұл шоттар арнайы тартылған дроптардың атына рәсімделген болып шыққан. Кейін ақша сол шоттар арқылы шетелге шығарылып отырған.

Тергеу мәліметінше, сотталған бес адам дәл осы дроптарды тауып, оларды қылмыстық схемаға тартумен айналысқан. Әрбір қаржылық операциядан белгілі бір пайыз алып отырған.

Сот оларды алаяқтыққа жәрдемдесті деп танып, 2 жылдан 6 жыл 8 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптарының бір бөлігі қанағаттандырылды. Сотталғандар бірнеше эпизод бойынша келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Істердің бірінде келтірілген залал көлемі 22 миллион теңгеден асқан.

Қалған талаптар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.