Қазақстан халқының саны өсіп келеді. Алайда халық санының артуымен қатар елдің демографиялық құрылымы да айтарлықтай өзгеріп жатыр. Өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, бала туу көрсеткіші төмендеп, егде жастағы азаматтардың үлесі артып келеді. Бұл үрдістер алдағы онжылдықтарда еңбек нарығына, әлеуметтік жүйеге және зейнетақы жүйесіне түсетін салмақты күшейтуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 20,5 миллион адамды құрады. Оның ішінде 25 жасқа дейінгі азаматтар – 8,79 миллион адам немесе 42,9 пайыз, 25-65 жас аралығындағы тұрғындар – 9,73 миллион адам немесе 47,5 пайыз, ал 65 жастан асқандардың саны 1,98 миллион адамға немесе 9,6 пайызға жетті.
Ұзақмерзімді демографиялық болжамдарға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 26,5 миллион адамға дейін өсуі мүмкін.
Бірақ халық санының өсуі оның жас құрылымының өзгермейтініне кепілдік бермейді. Керісінше, Қазақстанда халықтың біртіндеп қартаю үрдісі байқалады. Бұған өмір сүру ұзақтығының артуы мен бала туу деңгейінің төмендеуі әсер етіп отыр.
Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артты
Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы пандемиядан кейін қайта өсе бастады.
COVID-19 пандемиясына байланысты 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш төмендеген болатын. Мәселен, 2021 жылы Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 70,23 жасты құраса, 2025 жылы ол 75,97 жасқа дейін өсті.
Бұл көрсеткіш әлемдегі жалпы үрдіске сәйкес келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, пандемия кезінде әлем бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жасқа дейін төмендеген. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып, орта есеппен 73,8 жасқа жетті.
Яғни Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы әлемдік орташа көрсеткіштен де жоғары деңгейге көтеріліп отыр.
Алайда адамдардың ұзақ өмір сүруі демографиялық тұрғыдан жаңа міндеттерді де алға шығарады. Егде жастағы адамдардың саны көбейген сайын зейнетақы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне түсетін жүктеме артады.
2050 жылға қарай әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асуы мүмкін
Қазақстандағы демографиялық өзгерістердің негізгі белгілерінің бірі – халықтың қартаюы.
Болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда 60 жастан асқан азаматтардың үлесі жалпы халық санының 18,8 пайызына жетуі мүмкін.
Бұл халықаралық жіктеу бойынша демографиялық қартаюдың «өте жоғары деңгейіне» сәйкес келеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, ғасыр ортасына қарай Қазақстандағы шамамен әрбір алтыншы адам 60 жастан асқан азамат болуы ықтимал.
Бұл өзгеріс мемлекеттің әлеуметтік саясатына тікелей әсер етеді. Өйткені егде жастағы тұрғындардың саны артқан сайын зейнетақымен қамту, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік көмек және ұзақмерзімді күтім жүйелеріне деген қажеттілік те көбейеді.
Бала туу көрсеткіші төмендеп келеді
Қазақстанның демографиялық болашағына әсер ететін тағы бір маңызды фактор – туу көрсеткішінің төмендеуі.
Бұл жерде жиынтық туу коэффициенті (ЖТК) маңызды көрсеткіш саналады. Ол бір әйелдің бүкіл репродуктивтік кезеңінде, яғни шамамен 15 жастан 50 жасқа дейінгі аралықта орта есеппен қанша бала дүниеге әкелетінін көрсетеді.
Қазақстанда 2020-2021 жылдары ЖТК белгілі бір деңгейде өскенімен, кейін тұрақты төмендеу байқалған.
2021 жылы бұл көрсеткіш 3,32 баланы құраған. 2022 жылы ол 3,06 балаға, ал 2025 жылы 2,57 балаға дейін төмендеді.
БҰҰ-ның ұзақмерзімді болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстандағы жиынтық туу коэффициенті 2,39 балаға дейін төмендеуі мүмкін.
Яғни Қазақстанда бала туу деңгейі әзірге халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін деңгейде болғанымен, оның біртіндеп төмендеуі болашақтағы жас құрылымына әсер етеді.
Туу деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы қатар жүрген жағдайда еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі қысқарып, егде жастағы азаматтардың үлесі артады.
Көші-қон жағдайы қалай өзгерді?
Қазақстанның демографиялық ахуалына табиғи өсіммен қатар көші-қон да әсер етеді.
UNFPA-ның Қазақстандағы өкілдігі дайындаған халықтың жағдайына қатысты талдауда 2050 жылға қарай елдегі көші-қон сальдосының біртіндеп нөлге, яғни 1000 адамға шаққанда 0 көрсеткішіне жақындауы болжанған.
Бұл болжамға Қазақстан экономикасының дамуы және жұмыс күшіне деген сұраныстың жоғары болуы, этникалық эмиграция әлеуетінің біртіндеп азаюы, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі елдерде халық санының жылдам өсуі сияқты факторлар әсер етеді.
Пандемиядан кейін Қазақстанға келушілер саны да артқан.
2021 жылдан бастап елге келетін иммигранттардың жыл сайынғы саны 2,15 есеге өскен, ал Қазақстаннан көшіп кетушілердің саны 4,24 есеге азайған.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның көші-қон балансында оң өзгерістер болғанын көрсетеді.
Сонымен бірге ұзақмерзімді кезеңде миграцияның елдегі демографиялық жүктемені қаншалықты жеңілдететіні экономикадағы жұмыс орындарының санына, жалақы деңгейіне және елдің еңбек нарығының тартымдылығына байланысты болады.
Бір зейнеткерге шаққандағы еңбекке қабілетті азаматтар азайып барады
Демографиялық өзгерістерді бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі – әлеуетті қолдау коэффициенті.
Ол 25-64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар санының 65 жастан асқан азаматтар санына қатынасын көрсетеді.
Қазақстанда бұл көрсеткіш соңғы жылдары төмендеп келеді.
Мәселен, 2012 жылы 65 жастан асқан бір адамға 7,68 еңбекке қабілетті адамнан келген.
2025 жылы бұл көрсеткіш 4,95 адамға дейін төмендеді.
Ал 2025-2050 жылдар аралығындағы болжамдарға сәйкес, әлеуетті қолдау коэффициенті тағы да төмендеп, 3,42-ге түсуі мүмкін.
Демек, 2050 жылға қарай 65 жастан асқан бір азаматқа орта есеппен 3,42 еңбекке қабілетті адамнан ғана келуі ықтимал.
Бұл – елдің әлеуметтік және зейнетақы жүйесі үшін маңызды сигнал.
Демографиялық өзгеріс экономикаға қалай әсер етеді?
Халықтың қартаюы тек демографиялық көрсеткіш емес. Ол мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына да тікелей ықпал етеді.
Еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі азайып, егде жастағы азаматтардың саны артқан сайын бюджетке түсетін әлеуметтік жүктеме күшейеді.
Мұндай жағдайда зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы ерекше маңызға ие болады.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, ұзақмерзімді теңгерімді қамтамасыз ету және азаматтарға лайықты зейнетақы төлеу үшін шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Демографиялық өзгерістер жағдайында жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызы да арта түседі. Мұндай жүйеде болашақ зейнетақы төлемдерінің бір бөлігі азаматтың өзі мен жұмыс берушінің тұрақты аударымдары және инвестициялық кіріс есебінен қалыптасады.
Бұл модель зейнетақы жүйесінің демографиялық факторларға тәуелділігін төмендетуге және оның ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар болашақ зейнетақысын өздері жоспарлай ала ма?
Халықтың қартаюы мен өмір сүру ұзақтығының артуы жағдайында жеке зейнетақыны жоспарлау мәселесі де өзекті бола түседі.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі азаматтарға болашақтағы зейнетақы табысына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Ол үшін тұрақты жарналар аударып, жинақтардың инвестициялық кірісін тиімді пайдаланудың маңызы зор.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Оған сәйкес, БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейінинвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың, яғни УИП-тердің сенімгерлік басқаруына бере алады.
Сонымен қатар әрбір УИП үш инвестициялық портфельге дейін ұсына алады. Олар:
консервативті;
қалыпты;
тәуекел деңгейі жоғары портфельдер.
Бұл портфельдер тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестиция құрылымы бойынша ерекшеленеді.
Осылайша, азаматтар өздерінің қаржылық мақсатына және тәуекелге деген көзқарасына қарай инвестициялық стратегияны таңдай алады.
БЖЗҚ жинақтарының инвестициялану нәтижелері туралы толық ақпаратты арнайы invest.enpf.kz порталынан алуға болады.
Ал болашақ зейнетақыны алдын ала есептеп, жеке жоспар құру үшін БЖЗҚ-ның «Зейнетақы калькуляторы» және «Жеке зейнетақы жоспары» сервистері ұсынылады. Бұл құралдар БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасында қолжетімді.
Қазақстанды қандай демографиялық болашақ күтіп тұр?
Жалпы болжамдарға сүйенсек, алдағы 25 жылда Қазақстан халқының саны 20,5 миллионнан 26,5 миллион адамға дейін өсуі мүмкін.
Алайда халық санының артуымен қатар оның жас құрылымы өзгереді.
2050 жылға қарай:
халық саны шамамен 26,5 миллион адамға жетуі мүмкін;
60 жастан асқан азаматтардың үлесі 18,8 пайызға дейін өсуі ықтимал;
жиынтық туу коэффициенті 2,39 балаға дейін төмендеуі мүмкін;
65 жастан асқан бір адамға шаққандағы 25-64 жастағы азаматтар саны 3,42 адамға дейін қысқаруы ықтимал;
көші-қон сальдосы біртіндеп нөлге жақындауы мүмкін.
Осы көрсеткіштердің барлығы бір маңызды үрдісті көрсетеді: Қазақстан халқы саны жағынан өсуді жалғастырғанымен, ел біртіндеп қартаю кезеңіне өтеді.
Сондықтан демографиялық саясаттың негізгі міндеті тек халық санын көбейту емес, сонымен бірге еңбекке қабілетті тұрғындардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету, бала тууға қолайлы жағдай жасау, денсаулық сақтау жүйесін бейімдеу және зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын сақтау болмақ.
Ал азаматтардың өз деңгейінде тұрақты зейнетақы жарналарын аударып, жинақтарын бақылауы және болашақ табысын алдын ала жоспарлауы демографиялық өзгерістер жағдайында жеке қаржылық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналады.