Ресейдің Кабардин-Балкария Республикасында 44 жастағы әйел 16 жыл бұрын енесін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы КБР Тергеу комитеті хабарлады. Оқиға 2012 жылдың маусымында Хатуей ауылындағы жеке үйде болған. Сол кезде 75 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Үйден марқұмға тиесілі 157 мың рубль жоғалған.
Ол кезде қылмыскерді анықтау мүмкін болмай, іс бойынша тергеу уақытша тоқтатылған. Алайда тергеушілер жұмысты жалғастыра берген.
Кейін криминалистер іс материалдарын қайта қарап, марқұмның келіні мен сол кезде небәрі 8 жаста болған немересінің берген жауабына ерекше назар аударған.
Тергеу барысында қазір кәмелетке толған немересі жаңа мәлімет айтқан. Оның сөзінше, 2012 жылы анасы одан жалған жауап беруді сұраған. Атап айтқанда, ол анасының кісі өлтірілген түні енесінің жатын бөлмесіне кіргенін көрмегенін айтуы керек болған.
Қайта жүргізілген жауап алу кезінде әйел қылмысын мойындаған. Оның айтуынша, енесін араздық салдарынан тұншықтырып өлтірген. Кейін жертөбеге жасырылған ақшаны алып кеткен.
Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.