Танымал актер Әбілмансұр Серіковтің бұрынғы әйелі Фариза Бекібай әлеуметтік желідегі парақшасында балаларын қаржылай қамтамасыз ету мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, экс-күйеуінен алиментті тұрақты түрде алу қиын. Кейде бірнеше ай бойы төлем жасалмайтынын айтқан ол, балаларының күнделікті шығыны мен қажеттіліктерінің басым бөлігі өз мойнында екенін жеткізді.
«Алимент алу – қиынның қиыны. Бірде бар, бірде жоқ. Міне, төрт айдан бері алмадық. Өзі аудармаса, біз де сұрамаймыз. Балалардың емі, дәрі-дәрмегі, сабаққа киетін киімі – барлығы менің мойнымда.
Балам мың теңге сұраса да, “жоқ” дейді. Намыстанып, менен сұрама деп ұрысамын. Кейде менен тығылып сұрайды. Телефонынан көріп қоямын. Екеуі де өзіммен еріп келген балалар секілді», – деп жазды Фариза Бекібай.
Ол балалардың әкесінен тек алимент емес, күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелер мен ем-домына да қолдау көрсетілуі маңызды екенін атап өтті.

«Балаларды асырау оның да міндеті ғой. Мың теңге беріп, бір қалам алып бере алмайтын әкенің барынан жоғы деп ойлаймын. Басқа уақытта керемет киініп жүргенше, алиментін төлеп, балаларына киім-кешек алып, еміне дәрі-дәрмек пен тамағын әперсе ғой.
Балаларды бір рет те қыдыртқан емес. Үлкенін тек осы жазда ғана алып кетті. Қалған уақытта біз қол жаймаймыз. Күніміз соған қарап қалмасын. Алла әділ», – деді ол.
Айта кетейік, актер Әбунасыр Серіковтің ұлы Әбілмансұр Серіков әкесінің өнер жолында өзін не себепті қолдамағанын айтып, бала кезінде оған не үшін ренжігенін еске алды.
Әбілмансұр Серіков кім?
Әбілмансұр Серіков – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан актер. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Актер 1991 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Өнерге жақын отбасында өскен Әбілмансұрдың әкесі – белгілі актер, әзілкеш, «Нысана» театрының жетекшісі Әбунасыр Серіков. Анасы – актриса Лиза Серікова.
Әбілмансұр Серіков кәсіби білімін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетінде алған. Ол аталған оқу орнын 2013 жылы тәмамдаған.
Оқуынан кейін актер Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, сондай-ақ Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетті.
Кино саласында да бірқатар есте қаларлық образдарды сомдаған актердің фильмографиясында «5:32», «Дос-Мұқасан», «Балалық шағымның аспаны», «Игрок», «Жибек», «Таңдау», «Алматы, я люблю тебя!» сынды фильмдер мен сериалдар бар.
Әсіресе «5:32» сериалындағы Шалқардың жас кезін бейнелеуі көрерменнің актерге деген қызығушылығын арттырды. Ал «Дос-Мұқасан» фильмінде қазақ музыкасының тарихында өзіндік орны бар танымал топтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен туындыда ойнады.
Әбілмансұр Серіковтің шығармашылық жолындағы айтулы рөлдерінің бірі – «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі мектеп жасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың, яғни Сұлтанның бейнесі.
Актердің еңбегі мемлекеттік деңгейде де бағаланып, 2020 жылы жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.