Танымал актер Әбунасыр Серіковтің ұлы Әбілмансұр Серіков әкесінің өнер жолында өзін не себепті қолдамағанын айтып, бала кезінде оған не үшін ренжігенін еске алды, деп хабарлайды ult.kz.
Әбілмансұрдың айтуынша, әкесі оның белгілі актердің баласы ретінде емес, өз еңбегі мен қабілетінің арқасында танылғанын қалаған. Сол себепті Әбунасыр Серіков ұлының шығармашылық жолына араласпай, арнайы қолдау көрсетпеуді жөн көрген.
Жас актер бала кезінде әкесінің бұл ұстанымын түсінбегенін де айтты. Оның сөзінше, Әбунасыр Серіков көпшілік арасында оны «ұлым» деп емес, «інім» деп таныстырған. Бұл жағдай Әбілмансұрдың көңіліне тиіп, әкесіне ренішін тудырған.
Алайда есейе келе ол әкесінің бұл әрекетінің мәнін түсінген. Әбілмансұрдың пайымынша, әкесінің өнерде жол сілтеп, дайын қолдау көрсетпеуі оны өз бетінше ізденуге, қиындықтарды өзі жеңуге және еңбектенуге үйреткен.
Бүгінде актер әкесінің сол кездегі қатаң ұстанымына өкпемен емес, өмірден алған сабағы ретінде қарайтынын айтты. Оның пікірінше, осы тәрбиенің арқасында ол өз жолын қалыптастырып, қазіргі жетістіктеріне қол жеткізген.
Әбілмансұр Серіков кім?
Әбілмансұр Серіков – қазақ киносы мен театрында өзіндік орны бар актер, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Өнер иесі 1991 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол өнерлі отбасында тәрбиеленген. Әкесі – белгілі актер, әзілкеш әрі «Нысана» театрының жетекшісі Әбунасыр Серіков болса, анасы – актриса Лиза Серікова.
Әбілмансұр Серіков 2013 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетін тәмамдаған. Кейін Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылымдарында өнер көрсетті.
Актердің кино саласындағы танымал жобаларының қатарында «5:32», «Дос-Мұқасан», «Балалық шағымның аспаны», «Игрок», «Жибек», «Таңдау», «Алматы, я люблю тебя!» фильмдері мен сериалдары бар.
Әсіресе «5:32» сериалындағы Шалқардың жас кезіндегі рөлі актердің көрерменге кеңінен танылуына ықпал етті. Ал «Дос-Мұқасан» фильмінде ол аңызға айналған музыкалық топ туралы туындыда өнер көрсетті.
Әбілмансұр Серіков «Балалық шағымның аспаны» фильмінде мектеп кезіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың – Сұлтанның рөлін сомдаған.
Актер шығармашылық ортада танылып қана қоймай, 2020 жылы жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болды.