Freedom Inside '26

Тоқаев пен Путин Кремльде кездесіп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру туралы декларацияға қол қойды

Тоқаев пен Путин Кремльде кездесіп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру туралы декларацияға қол қойды

Фото: Ақорда

12 қараша күні Мәскеудегі Кремль сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп:

«Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар. Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы», – деді.

Президенттің айтуынша, барлық деңгейде сенімді диалог орнатудың арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық мазмұны үнемі кеңейіп келеді. Сондай-ақ Тоқаев екі ел арасындағы әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы халықтар арасындағы мәңгілік достықтың айғағы екенін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар маңызды құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Олардың қатарында:

  1. 2026–2030 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы;

  2. Үшінші елдерге экспортқа арналған жүктерді темір жолмен транзиттік тасымалдау туралы келісім;

  3. Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

  4. «Союз-5» және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешендерінің ұшу сынағын жүргізу жөніндегі комиссия құру туралы келісім;

  5. Ақтау қаласында Ресей Федерациясының Бас консульдығын ашу туралы келісім;

  6. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

  7. Ерекше экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі меморандум;

  8. Қазақстан мен Ресейде қазақ-орыс және орыс-қазақ мектептерін ашу туралы ниеттестік туралы меморандум;

  9. Ресейден Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары;

  10. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

  11. Қазақстан-Ресей шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары;

  12. «ҚТЖ» мен «РТЖ» арасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекетаралық түйісу пункттерін дамыту туралы келісім;

  13. «Қазпошта» мен «Ресей поштасы» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Мемлекет басшылары екі елдің өзара ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және ортақ мақсаттарға бірлесе жетуге сенім білдірді.