Ол бұрын ұсынылған бастамаларды қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ult.kz Syrym Itkulov Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Тоқаевтың кеше Түрікменстанда сөйлеген сөзіндегі ең маңызды ойлар баяндаманың соңында айтылды.
Посткеңестік кеңістіктегі интеграция жылдар бойы бір мәселеден арыла алмай келді. Ол – құжатты құжат үшін әзірлеу.
Саясаткерлер кездесіп, камера жарқылдаған сәтте меморандумдарға қол қояды да, тарасып кетеді. Ал келісілген жобалар жылдар бойы сөрелерде шаң басып жатады.
Бұл жолы Мемлекет басшысы үйреншікті дипломатиялық риторика мен жалпылама сөздерден шығып, мәселені прагматикалық әрі ашық көтерді.
Ол саммиттерде әдетте айналып өтілетін тақырыпқа – құжаттандырудың шамадан тыс көбеюі мен нақты нәтижелердің аздығына назар аударды.
Тоқаев 2018 жылдан бері аймақта 200-ден астам бастама көтерілгенін, алайда олардың аз бөлігі ғана іс жүзінде жүзеге асқанын айтты.
Президент сыртқы саясат ведомстволарына осы бастамаларды түгендеп, қайсысы әлі де өзекті әрі болашағы бар екенін анықтауды ұсынды. Сонымен қатар кездесулер форматын артық бюрократияға ұрындырмай сақтап қалуға шақырды.
Аймақта нақты нәтижелерге негізделген көрсеткіштер жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Егер сауда көлемі өспесе, жаңа зауыттар ашылмаса немесе ортақ цифрлық платформалар құрылмаса, онда бастаманы қайта қарау қажет.
Сондай-ақ Silk Way телеарнасының базасында бүкіл Орталық Азияға арналған өңірлік телеарна құру және 2027 жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» атты жастар форумын өткізу бастамалары айтылды.
Туризм мен волонтерлікті дамыту бүгінде жай ғана гуманитарлық шаралар шеңберінен шығып кетті. Олар – жұмсақ күштің және қоғамдар арасындағы ұзақ мерзімді сенімді қалыптастырудың маңызды құралдары.
Көп миллиардтық көлік дәліздері көршілес қоғамдар арасында ең негізгі сенім болмаса, өз әлеуетін толық аша алмайды.
Жас кәсіпкерлер, ғалымдар мен волонтерлер арасындағы тікелей байланыстар ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады. Мұндай байланысты тек үкіметаралық келісімдер арқылы орнату мүмкін емес.
Ортақ өңірлік телеарна ресми күн тәртібін жариялап қана қоймай, көршілес елдердің мәдениетімен жақынырақ таныстыру миссиясын да атқара алар еді.
Мойындау керек, кейде біз алыс елдер туралы көршілес мемлекеттерде не болып жатқанынан көбірек білеміз.
Қазіргі заманда қауіпсіздікті тек шекараны қорғау және әскери әлеуетпен шектеуге болмайды.
Бүгінде тұрақтылық су қауіпсіздігімен, технологиялық және ақпараттық орнықтылықпен де өлшенеді. Жасанды интеллект дамып, киберқауіптер күшейіп, орасан қаржыны қажет ететін технологиялық прогресс жеделдеп жатқан кезеңде аймақтағы бірде-бір ел өз ресурстарын жалғыз өзі толық қорғай алмайды. Мұны ашық мойындау қажет.
Орталық Азия мен Әзербайжан тату көршілік пен әдемі ұрандарды тұрақты әрі нақты жұмыс істейтін тетіктерге айналдыру қажет болатын кезеңге жетті.
Ал елдеріміз арасында мәдени-ағартушылық ақпарат алмасу тереңдей түссе, оның әлеуеті қандай болар еді?!
Әлемде жаһандық жіктелу күшейген кезеңде әр елдің жеке әрекет етуі ірі геосаяси ойыншылармен бәсекеде өз мүмкіндігін әдейі төмендетумен тең.
Көлік дәліздерін мәдени платформалармен, экономикалық жобаларды қоғамдар арасындағы өзара сеніммен ұштастыратын кешенді тәсіл қажет.
Мұның мақсаты – біздің макроөңірдің өзге күштердің ықпалына тәуелді нысан немесе картадағы жай ғана транзиттік аймақ болып қалмай, Еуразия кеңістігінде өз мүддесін үйлесімді түрде қорғай алатын дербес ынтымақтастық орталығына айналуы.
Сөзді азайтып, нақты өлшенетін нәтижелерге басымдық беру – ортақ ұзақ мерзімді даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етудің ең тиімді жолы.