Қазақстан Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 34-орынға ие болды. Тізімді World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялады. Рейтингтің негізіне америкалық U.S. News & World Report басылымының жыл сайынғы зерттеу деректері алынған, деп хабарлайды ult.kz.
Рейтингке 100 мемлекет енді. Қазақстан Мысыр, Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Африка Республикасы, Норвегия, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Ираннан жоғары орын алды.
Рейтинг нені бағалайды?
Рейтингті құрастырушылар елдерді бес көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық, халықаралық одақтар мен әскери альянстар бар.
Платформаның сипаттамасына сәйкес, мемлекеттің қуаты бірнеше фактордан тұрады. Олардың ішінде әскери әлеует, экономика және мәдени ықпал бар. Тізімдегі орынмен қатар, елдердің экономикалық әлеуетін қысқаша бағалау үшін жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіштері де берілген.
Алғашқы үш орынды Қытай, АҚШ және Үндістан иеленді. Одан кейін Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия орналасқан.
Көрші елдер арасындағы орны
Посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан тек Ресейден кейін тұр. Ресей рейтингте 11-орынға жайғасқан. Бұрынғы Кеңес Одағының тізімге енген өзге елдері Қазақстаннан төмен орналасқан.
Қазақстанға ең жақын тұрған ел — 51-орындағы Украина. Одан кейін Литва, Беларусь, Өзбекстан, Латвия, Эстония, Армения және Грузия келеді.
Орталық Азия елдерінен рейтингке тек Қазақстан мен Өзбекстан енген. Екі мемлекеттің арасында 37 орындық айырмашылық бар.
Экономикалық әлеуеттің негізі неде?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. Экономикалық өсімге өнеркәсіп, көлік, құрылыс және сауда салалары негізгі үлес қосты.
Сол жылы елдің жалпы ішкі өнімі 305 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып қала береді.
Халықаралық валюта қоры сәуір айындағы болжамында Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемін ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 17,5 мың доллар деп бағалады. Бұл — қордың бақылау жүргізген бүкіл кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Әлемдік саясаттағы жаңа рөлдер
Елдің рейтингтегі орны оның халықаралық күн тәртібіне қаншалықты белсенді қатысатынына да байланысты. Соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта бірнеше жаңа міндетті өз мойнына алды.
2024 жылғы наурызда Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына дербес бітімгерлік контингент жіберді. Қазақстандық әскери қызметшілердің ротасы Голан жоталарында қызмет атқарып жүр.
Бір жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы консенсус арқылы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру туралы шешім қабылдады. Резолюцияның тең авторлары қатарында 152 мемлекет болды. Орталықтың құрылуы Қазақстанның БҰҰ бүкіл өңірмен жұмыс жүргізетін маңызды алаң ретіндегі рөлін бекітті.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылды. Ал қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста АҚШ президентінің бастамасымен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды реттеу мақсатында құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойды.
Осылайша, Қазақстан ұйымның негізін қалаушы мемлекеттер қатарына еніп, Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу үдерісіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Транзит, технологиялар және экология
Елдің рейтингтегі экономикалық ықпалы оның әлемдік саудадағы орнына да байланысты. Өткен жылы Қазақстан аумағы арқылы 36,9 миллион тонна транзиттік жүк тасымалданды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі үштен бірінен астамға өсті.
Қазақстанның Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдегі Top500 тізімінде 86-орынға ие болды. Қазақстан бұл рейтингтің алғашқы жүздігіне алғаш рет енді. Аталған жүйе елде жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді дамытуға қажетті отандық есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясын қабылдады. Саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру мәселесі бойынша консультациялар басталды.
Астана өңір елдері ортақ ұстанымын келісетін маңызды алаңға айналды. Бұл Қазақстанның өңірлік саясаттағы ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның рейтингтегі орны қалай өзгерді?
Үш жыл бұрын U.S. News & World Report деректеріне сәйкес, Қазақстан бұл рейтингте 50-орында тұрған. Сол кезде де ол Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізген болатын.
Содан бері Қазақстан рейтингте 16 сатыға көтерілді. Қазір ел тізімнің жоғарғы үштен бір бөлігіне кіреді.
Осы жылдар ішінде рейтингтің өзі де кеңейіп, оған тағы 13 мемлекет қосылды. Қатысушы елдердің саны артқан кезеңде Қазақстан да өз орнын жақсартып, жоғары сатыға көтерілді.