Армения премьер-министрі Никол Пашинян 10 қарашаға қараған түні Әзербайжан, Ресей, Арменияның Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде үшжақты келісімге келгенін хабарлады. Бұл туралы Пашинян Фейсбук парағына жазды.
"Құрметті отандастар, бауырларым мен әпке-қарындастарым! Өзіме де, бәрімізге де ауыр тиетін шешімге келдім. Ресей және Әзербайжан президенттерімен Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде мәлімдемеге қол қойдым. ... Өзімізді жеңілдік деп есептемейміз әрі бұл біздің ұлт ретінде бірігуіміздің және қайта өрлеуіміздің басы болуы керек. Қаза тапқандардың алдында тізе бүгемін. Отанын қорғау жолында өмірін аямаған барлық әскерилердің, офицер, генерал, еріктілердің алдында басымды иемін. Олар арцах армяндарын қорғап, құрбан болды. Соңына дейін күрестік және жеңеміз!" деп жазды Пашинян.
Атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанын Ресей президенті Владимир Путин де растады. ТАСС агенттігі таратқан ақпаратта Путин "келісімге қол қойылған сәтте екі елдің әскерилері тұрған жер Армения мен Әзербайжан территориясы ретінде сақталады. Ал олардың арасында Ресейдің бітімгер сарбаздары тұрады" деген.
Келісімге сәйкес, 2020 жылдың 20 қарашасына дейін Таулы Қарабақтың Газах және Агдам аудандары Әзербайжанға қайтарылады. 15 қарашаға дейін Армения - Кельбаджар ауданын, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын беруі керек. Бірақ Таулы Қарабақпен байланысын үзбеу үшін Лачин дәлізін (ені 5 км) сақтап қалады. Алайда дәліз Шуша қаласын жанамайды.
Аймақтан Арменияның бүкіл әскерилері шығарылады. Таулы Қарабақ пен Лачин дәлізі түйіскен тұста Ресейдің 1960 бітімгер сарбазы орналасады. Бітімгерлік контингенттің ол аймақта қалу мерзімі 5 жыл және ахуал тұрақтамаса тағы бес жылға созылады.
Босқындардың Таулы Қарабаққа оралуын БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары бақылайды. Одан бөлек, Армения мен Әзербайжан тұтқындар мен қаза тапқан сарбаздардың мәйітін алмасады.