Тау жақындай түседі: Almaty SuperSki демалыс пен спортқа жаңа мүмкіндіктер ашады

Тау жақындай түседі: Almaty SuperSki демалыс пен спортқа жаңа мүмкіндіктер ашады
ашық дереккөзден

Алматының таулары қаланың басты нышандарының біріне айналған. Алайда заманауи тау инфрақұрылымының міндеті тек тәжірибелі шаңғышылар мен туристерді қабылдаумен шектелмеуі тиіс. Ол белсенді демалысты қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруға жағдай жасауы қажет. Almaty SuperSki жобасының негізінде де дәл осы ұстаным жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Болашақ тау-шаңғы курорты кең аудиторияға бағытталады. Мұнда шамамен 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу жоспарланған. Оның 70 пайызға жуығы балалар мен шаңғы тебуді жаңадан бастағандарға арналған. Курорт тәулігіне 10 мыңнан астам шаңғышыны қабылдай алады. Яғни инфрақұрылымның елеулі бөлігі тау шаңғысымен алғаш рет айналысатын адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады.

Бұл тау демалысына деген көзқарасты да біртіндеп өзгертуі мүмкін. Баланың алғаш рет шаңғыға тұруы, отбасының демалыс күнін тауда өткізуі немесе бұрын шаңғы теппеген ересек адамның алғашқы сабағы саябақта серуендеу немесе қала сыртында демалу секілді қалыпты әрі қолжетімді демалыс түріне айналмақ.

Жобада балаларға ерекше назар аударылады. Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп курорт аумағында дене шынықтыру сабақтарын өткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Мұндай бастама оқушылар үшін сабақтың жаңа форматын қалыптастырып қана қоймай, олардың қысқы спорт түрлерімен ерте жастан танысуына жол ашады. Балаларды спортқа жаппай тарту болашақта елдің спорттық резервін қалыптастыруға да қосымша мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Almaty SuperSki тек жаңадан бастаушыларға арналмайды. Әртүрлі деңгейдегі трассалар тәжірибелі шаңғышылар мен кәсіби спортшыларға да жаттығуға мүмкіндік береді. Заманауи тау-шаңғы инфрақұрылымының кеңеюі қысқы спорт түрлерін дамытуға және спортшыларды даярлауға қосымша жағдай жасайды.

Таудың физикалық қолжетімділігін арттыру да жобаның маңызды бөлігі саналады. Жоба аясында 11 заманауи аспалы жол салу көзделген. Жаңа инфрақұрылым келушілерге «Медеу» төменгі станциясынан теңіз деңгейінен шамамен 3400 метр биіктіктегі Күмбел аймағына дейін көтерілуге мүмкіндік береді.

Almaty SuperSki тек қысқы маусымға арналған нысан ретінде қарастырылып отырған жоқ. Тұжырымдама жыл бойы жұмыс істейтін инфрақұрылымды, оның ішінде жаяу тау бағыттарын, велосипед маршруттарын және басқа да белсенді демалыс түрлерін дамытуды қамтиды. Демек, тауға бару мүмкіндігі жылдың бірнеше айымен ғана шектелмей, барлық маусымда қолжетімді болмақ.

Осы тұрғыдан алғанда, жобаның маңызы жаңа курорт салумен ғана өлшенбейді. Almaty SuperSki белсенді өмір салтын қалыптастыруға, ал тауды тек кәсіби спортшылар мен тәжірибелі туристерге арналған кеңістік емес, көпшілік үшін қолжетімді демалыс орнына айналдыруға бағытталған.

Almaty SuperSki кімдерге арналған? Алғаш рет шаңғыға тұратын балаға. Демалыс күнін тауда өткізгісі келетін отбасына. Шеберлігін арттыруды көздейтін әуесқойға. Заманауи жаттығу инфрақұрылымын қажет ететін спортшыға. Сондай-ақ шаңғы теппесе де, тауға көтеріліп, серуендеп, Алматыны жаңа биіктіктен көргісі келетін әрбір адамға.

Жобаның басты нәтижелерінің бірі дәл осы бұқаралық қолжетімділік болуы мүмкін. Яғни адамдарды тауға жақындату ғана емес, тауды Алматының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.