26 қаз, 2023 сағат 19:57

Шымкентке қандай әкім керек?


Кейінгі 31 жылда Шымкент қаласында 19 рет әкім ауысыпты. Елдегі үш ірі мегаполистің бірі саналатын қалаға неге басшы тұрақтамайды? Әлде бұл қалыпты жайт па? «Шымкенттің жұмсақ күші» дейтін аты да, заты да ерекше кітаптың авторы, мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровпен осы мәселе жөнінде сұхбаттасқан едік. 

– Абылайхан мырза, сізді сыртыңыздан «елдегі жалғыз шымкенттанушы, Шымкенттің бас идеологі» деп те атайды екен. Зерттеудің мұндай түріне қалай бет бұрып жүрсіз? Шымкентті Қазақстанның өзге аймақтарынан бөле-жарып зерттеп жүруіңіз жершілдік, тіпті жікшілдік емес пе?

– Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент қаласында 19 рет əкім тағайындалып, 16 əкім басқарыпты. Мұны бейнелеп айтсақ, сонау 1992 жылдан бері келе жатқан 19 эпизод пен 16 актердан тұратын нағыз сериал деуге болады. Елдегі үшінші мегаполис басқа жағынан болмаса да, тіл-діл, демография тұрғысынан елдегі «донор» қаланың бірі. Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап жатқан әр шымқалалық өзімен бірге менталитетін ала барады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дейтін ән мәтініндегі сияқты құбылыс қой. Яғни, шымкенттіктер көпшілік болу есебінен елдің дамуына, мемлекетіміздің заман талабына сай трансформациялануына еңбегімен де, экономикалық белсенділігімен де, әдет-ғұрып, мінезімен де әсер етуде. Шымкенттің жұмсақ күшін терең зерттеу осы тұрғыдан маңызды. Тіптен ел үкіметі осы жұмсақ та табиғи күшті өзі де қаруына алатын болса, талай елдік мәселені шешіп тастаған болар еді. Жаңа егемендік тарихымызда бірқатар қара күшке салған кездерімізде нендей нәтижеге қол жеткіздік, соның да теріс жағын көрсеткім келді. 

Одан қалса «Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген қыжыртпа сөз бар. Елдегі жемқорлық, парақорлық сияқты келеңсіз құбылыстардың тамырын бір ғана күнгей өңірден іздейтін сыңарезулер бар. Олардың шымжатырқауына да тойтарыс беруді көздедім. «Жікшілдік» деп солардың әрекетін айту керек шығар. Міне, осындай тенденцияларға елдік сана және ғылыми ізденіспен жауап іздеуім түрткі болса керек. Ал былай Ұлы даланың палуандары мен күш мәдениеті, мемлекетшілдік философиясы, қажылар туралы да ізденісте екенімді жеткізгім келеді. 

– Мұндай күрделі қаланы басқаратын адам қандай болу керек сонда?

– Аймақ – кеңістік. Әкімдік сол кеңістікті ұйымдастырушы орталық саяси ұйым. Ал әкім сол әкімдіктің бүкіл саясаты мен тиімділігіне жауапты құзіретті тұлға. Ендеше Шымкентке де әкім болу бақыты бұйырған басшы өзінің қандай болмағын анықтау үшін ең алдымен мына сұраққа жауап беруге тиіс: «Біз кімбіз? Мен кіммін?». Мысалы, менің өзім ұнататын америкалық коуч Бен Хоривицтың «What you do is who you are. How to Greate Your Business Culture»  (Не істеп жатсаңыз, сіз де солсыз. Өз бизнес мәдениетіңізді қалай құруға болады) кітабында осыған ұқсас жағдайлар кеңінен талданған.

Хоривиц ұйым басшысына қойылуы және оның тарапынан жауап берілуі тиіс сауалдар мыналар деп естептеген:

Тұтынушылармен қалай сөйлесесіз?...

Адамдар қиналғанда қол ұшын созасыз ба?...

Сізге сенім артуға бола ма?...

Өз тарапымнан бұларға жергілікті сипаттағы мына сұрақтарды қосар едім:

Астанадағы Ақорда, жалпы ел стратегтері Шымкенттен алыс-жақын перспективада не күтіп отыр? Түркістан мен Шымкент Ташкентке шекаралық баланстық күш болу керек деп ойлай ма? Шымкенттіктер болашақтан не күтеді? 

– Сонда әкім бұл сұрақтардан не түюі керек?

– «Әкім» – «хәкім» деген тамаша мұсылмандық шығыс сөзінен шыққан. Қазір ол әулие-хәкімдікке тән сакральды да жауапкершілігі зор ілкі мән-мағынасынан жұрдай болған. Ассоциативтік қатары да жағымсыз образдармен қалыптасты. Сондықтан да қазақи жүйеге сәл де болса жақындаймыз десек, әкімқара өзін қоғам алдына қазіргі түсініктегі «әкім» емес, «би» ретінде қоюға тиісті. Себебі жергілікті халықтың діліне осы формат жақын. Тарихи тұрғыдан алғанда, би – үштіктің бірлігі: этатист, мемлекетшіл және халықшыл құбылыс. Ал әкім деген бүгінгі жағдайда көбіне жоғарыдағылардың мүддесін түгендеумен айналысатын, билік аппаратына ғана жұмыс істейтін этатизммен шектелуде. Кім тағайындаса, соның осындағы «алтылығы» іспетті. Кейбір «мәдениеттілерінің» ел теңдік талап етіп келгенде, Конституциямызда атап көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігін ескермей, балағаттап қойып жүргені де сол. 

– Шаһар тарихында эталон етіп ұсынарлықтай әкім болып көрді ме?

– Шымкент тарихында ондай тұлғалар баршылық. Жаугершілік заманда Абылай хан жоңғарларды жеңгеннен кейін азат етілген жерлерге халықты орналастырғаны мәлім. Сонда Ташкентке датқа қылып қарауыл Қанай биді қалдырса, Шымкентке әкім қылып Балық мырза дегенді қалдырған. Олардан да бөлек қаншама атпал азаматтардың есімі ел жадында қалған. Сол Абылайдың Самарқан-Бұқара сапарында көрген түсі әфсанасында ауызға алынатын Сайрам мен Шымкент әкімі Ғабдылрахман туралы не білеміз? Осылардың ішінде Ғабдылрахманнан басқа қай-қайсысының өмір тарихын алсақ та өзіне тапсырылған ел мен аумақтың бағы үшін отқа да, суға да түскен нағыз қайраткер, өз уәзипасына адал адамдар болғанын көреміз. 

Демек, бұдан шығатын қорытынды сол, шын әкім яки би – бұл кеңсенің қабырғасына ілініп тұрған бағдарлама я плакат емес. Көпшілік жиналған жерлердегі жалынды сөздер де емес. Ақпараттық-маркетингтік, пиарлық жұмыстар да емес. Әкім халықтың көзінде ең алдымен баяғы билердің үрдісімен нақты іс-қимыл мен халықшыл атқарылған тірліктер бейнесін толтырып тұруы керек. Нақ осы нәрсе әкімнің басты анықтауышы. Қаңтардан кейін бір қалаға жетекші болған дөкейдің оққа ұшқан боздақтардың қырық күндігін өткермеген халыққа көңіл айтудың орнына, бәзбіреулерге алғыс айтқанын, оған көпшіліктің қалай шамданғанын да көрдік емес пе? Яғни әкім кім болғысы келеді, ертең орнынан кеткенде ел есінде кім болып қалғысы келеді? Осыны өзі үшін өзі шешіп алмай болмайды.

– Сіз айтқандай Шымкент сияқты тұтас бір қаланың тағдырын жалғыз әкімнің қолына тапсырып қана қарап отыру қаншалықтың дұрыс?

– Жаңа кезеңдегі қалалық әкімдік те қоғамға бұрынғыдан да тиімді қызмет етуі керек. Өйткені соңғы кездері билік онша-мұнша кем-кетігін, қателіктерін білдірмей тұратын сакральдылық жамылғысынан айырылып қалды. Ол бүкіл Қазақстан үкіметіне тән жүйелік кемшілік – қай жерде өрт болса, сонда шләнгісін ұстап, алаөкпе болып шапқылап жүретін өрт сөндіруші болмауы керек. Яғни оның жұмысының нәтижелері қоғамға ғана тиесілі және мәселелердің алдын ала білуімен де маңызды. Алайда әкімдік қоғамға толықтай бағынып немесе оған тұтастай сіңіп кете алмайды. Әкімдік мәдениет жағынан қоғамнан асып түсуі керек. Ал бұған ықпал ететін аса зор күштің бірі – әкімнің тұлғасы және адами мәдениеті мен тәртіп тудырушы лидерлік стандарты десек, артық айтқандық емес. 

Меніңше, тап қазір Шымкентке басшылық етуші әкім қала аумағында жаңа этикалық нормаларды қалыптастыруы керек. Ал бұл жұмыс ең алдымен әкімдіктің өз ішінен басталуға тиіс. 

«Әр компани я жоғары дәрежелі адамгершілік принцптеріне иеміз деп санайды. Алайда қарапайым қызметкерлерінен сұрасаң, олардың аузынан мүлде басқа әңгімелер естір едіңіз. Адамгершілік принциптерін ендіру өте қиын жәнеден бұл ұзақмерзімді концепция. Адамгершілік принциптері, адалдық пен тәрбиелілік – ұзақмерзімді мәдени инвестиция іспетті. Оларды енгізудің қиындығы сол, мұнда екі стандарттылыққа жол жоқ. Мінез-құлық нормалары басшыға да, қосшыға да бірдей, универсаль болуға тиіс» дейді бұл турасында әлгі Хоривицекең. 

Осыны тереңінен пайымдай алса, бір Шымкент емес, қай-қайсы жердегі әкім де өз жерлестерінің адамгершілік-моральдық деңгейін жүйелі түрде асқан ыждағаттылықпен көтерген болар еді. Қысқа мерзімді пайданы ғана ойламаған басшы сөйтеді. Егер шымкенттіктер де өз қаласын мақтан тұтсын десек, ұзақмерзімді мақсаттар аясында әрекетке басымдық берілуі керек. 

Лидерлік теоретиктері мұндай мақсат-міндеттерді басшылыққа алған елағаларына «шок туғызатын тәртіп енгіз» деп кеңес берген. 

Біріншіден, ол тәртіп есте қаларлықтай жұмыр болуға тиіс. Егер адамдар оны ұмытса, онда олар мәдениетті де ұмытады. 

Екіншіден, ол тәртіп «неліктен?» деген сұрақ туғызуға тиіс. Яғни бұл тәртіптің жойқындығы сондай «әзілдеп тұрсың ба?» деп сұрайтындай болса құба-құп. 

Үшіншіден, аталмыш тәртіп мәдениетке тікелей әсер етуге тиіс. Ал «неліктен» деген сұрақтың жауабы мәдени тұғырнама аясында түйінделсе ләзім.

Төртіншіден, адамдар бұл тәртіппен күнделікті бетпе-бет келулері керек. Әгәраки, сіздің таңғажайып тәртібіңіз жылына бір рет қана орын алатын ситуацияға ғана қатысты болса, онда оның іске асырылуында да мән жоқ деген сөз және тәртіптің дұрыс түзілмегендігін білдіреді. 


– Бір танымал блогер «Шымкентке тек жергілікті пысық жігіттер шыдайды» депті. Әкімді сынау мәселесіне қалай қарайсыз?

– Әкім халықтың қожайыны емес, малайы екендігін білдіріп отыру үшін неге сынамасқа?! Алайда айтылатын орны мен шегін білу, әдептен аспауға мұқият болған жөн. Америкалық жазушы Марк Твен айтпақшы, шындықты сулы сүлгі секілді бетке лақтырмай, пальто секілді ілтипатпен ұсыну керек. 

Қоғамдағы нақақ әділетсіздікке көніп, қиянаттарды ләм демей қабыл алғандар сол заматта болмыстық суицид жасайтынын да ұмытпасақ. Мансабын ойлап, басқасын ойлап, турашылдықтан тартынғанның өз ары алдында көңілі пәс, жүрегі де тыныш емес. Мысалы, адам баласы сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты қалай үндемей қала алады? 

– Қала тарихында сынмен тиімді жұмысты жолға қойған әкім ретінде кімдерді айта аласыз?

– Негізі кез-келген сынның мәні тиісті қорытынды жасау. Дәл осы қорытынды жасау тармағына қатысты кезінде бұл өңірдің басшысы болған, яғни Түркістан мен Шымкент бір кездегі «ОҚО» әкімі Асқар Мырзахметовтың тәжірибесін назарға алмай кетуге болмайды. Ол өзінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі мен ондағы мониторингшілерге БАҚ, әлеуметтік желілердегі өз құзіреттілігіне кіретін салаларға қатысты бүкіл негатив пен сынды, мәселелерді жинақтап, соларды елеп, екшеп отыруды тапсыратын болған. Олардың ішіндегі аса көкейкесті немесе шын мәнінде негізі барларын бақылауға қойып, өз қолын қойып, тиісті басқарма басшыларының түйінді тарқатуын қатаң қадағалаған. Бүгінде аңыз сияқты көрінгенімен, Шымкентте осындай да оңды істер атқарылған. Бүгінде қарапайым ауыл мен ауданда шешілетін мәселелер, айталық, қарапайым жол салу мен арық қазуға да Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазу көбейді. Сонда Мемлекет басшысына дейінгі аралықтағылар түк бітірмей жалақы ала бермек пе? Олай болатын болса, жергілікті өзін-өзі басқарудың бір буына мәслихаттардың мәртебесі мен құзіретін арттырып, іс тізгінін соларға берейік. 

– Бір сұхбатыңызда «Рейтингтің де рейтингісі бар, тіптен, әкімдер рейтингін жасау басшыларды бопсалаудың жаңа бір түрі болып бара жатыр» деп атап өтіпсіз. Мұны қалай түсінсек болады?

– Әкімдер рейтингтерінде қала басшылығының топ жарып жүргені, тіптен, бұл жағынан Алматы секілді лидерлерді артқа тастағаны, айталық, 2021 жылдың басты жаңалығы болғаны жасырын емес. Бірақ рейтинг жасаушылардың санына емес, сын-сапасына да қарау керек. Әсілінде рейтинг деген жекедара адамдар мен трайбалистік-топтық коммерциялық ұстанымнан ада таразылы-талдамалық болуы тиіс. Бұл ең алдымен мораль мен этиканың ауылына тиесілі жай. Сонда ғана оны төбеге тұтып, елдік ауқымда жар етуге жарайды. Шымкентте рейтингшілдіксіз де үлкен  жұмыстар атқарылып жатыр. Енді осыны тиісті деңгейде көрсету – парыз және оның оңды тұстарын кеңінен таныту қала идеологтарына зор сын. Әзірше ақпараттық жұмыстар жақсы деңгейде болса, бұдан да зор, ұлы деңгейге жеткізуге болады. Тек ерік-жігер, қажыр-қайрат түгесілмесе болғаны. 

– Сонымен, тұжырым жасау тұсына да келгендейміз. Өзіңіз қандай әкім моделін ұсынған болар едіңіз?

– Жалпы, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар ғой. «Шымкентке қандай әкім керек?» деген сауалға жергілікті қоғам белсендісі Әсет Әссанди ағамыз кезінде былай депті: «Шымкент – менталитеті бөлек мегаполис. Бұл қалаға халықты түсінетін, бір толқында сөйлесе алатын, қазақшаға жетік, іскерлігімен қоса адалдығы, мінезімен қоса қарапайымдылығы тең әкім керек». Менің де бұған алып-қосарым – ел мен жерге сүйіспеншілігі, қызмет ету идеясы бар адам болса деймін.

Шымкентке де кімдер келіп, кімдер кетпеген. Бұл жерді де «кезекті бір тезек тастайтын төбе» деп келіп кеткендер көп-ақ. Бұл жердегі кінә жергіліктілерде емес, астана жақтағы шешім қабылдаушыларда екендігі де анық. Десе де сауатты түрде жүргізілген көп кезеңдік бағалау процедурасы ғана емес, үміткердің психологиялық типажын анықтау да аса маңызды. Кәсіби маманды таңдау – бұл оның басқармақ құрылымның мақсат-міндеттеріне, командасына, құндылықтарына сәйкес келетініне кепілдік бермейді. Тиісінше, профилді былай ысырып қойып, сәйкес келетін жанға іздеу салынады. Компетенциялар профилі, тәжірибе, бұған дейінгі жетістіктері және басқа да биографиялық мәліметтерді танып білу оңай. Бәрінен де қиыны – кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау мен ментальдық ерекшеліктерін дөп басу. Ал кәсіби әкім таңдалып, тағайындалып жатса, бұл үлкен қуаныш. Ендігісі оның бейнесін Шымның брендтік-имидждік бейнесіне қондырып, бір-біріне оңтайлау ғана қалады. 

– Сөзіңіз аузыңызда... ақпараттық жұмыс жағынан нендей кеңес берер едіңіз?

– Мемлекеттік яки үкіметтік PR ерекшелігі – халықтың барлық тармағы мен қабатын қамтуы. Аймақтың бренді мен имиджі сол аймақтың әкімдігіне және әкімдіктің бренді мен имиджі сол аймақтың жалпы бейнесіне тәуелді. Осының арасында қала басшысының образы тұр. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан үш масштаб пен пунктті назарда ұстаған абзал. 

– Экономикалық жағынан не істеген жөн?

– Орыс ғалымдары Игорь Рожков пен Владимир Кисмерешкин «Ресей дегеніміз – тек Мәскеу мен Санкт-Петербор қана емес» деп уақытында Кремілмен тірескен екен. Қазақстан дегеніміз де Астана мен Алматы мегаполистерімен шектелмейді. Нағыз қазақ елі – Шымкенттейін қалалар мен Түркістан секілді өңірлердің жиынтығынан құралған. Шымкент сынды аймақтардың саяси-іскерлік белсенділігі оларды алыс-жақын шетелдерде де танымал ететіні де шындық. Бүгінгі таңда елдік ауқымда басымдық берілген қала ретінде тап шымкенттіктер үшін суырылып алға шығуға бірегей шанс беріліп отыр. Ал мұны сарқа пайдалана білу керек.

Мобилді активтер – капитал, технология, ноу-хау, басқарушылық әдіснамалардың жылдам қозғалысы заманында Шымқалаға бәз-баяғыша инертті активтерді – табиғи жағдайлар, климаттық ресурстар, инфрақұрылым объектілерін пайдаланумен ғана шектелу деген ұят. Рас, өркендеген аймақтарымыздың өзінде экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету, ең бастысы өздерінің табиғи ресурстарын, ғылыми-техникалық, өндірістік және кадрлық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері көкейкесті. Бірақ мәселені шешу үшін қазіргі заманғы озық менеджментке жүгінсе болмай ма? Керек десеңіз бұл, бір күнгейге қатысты түйткіл емес. Кәсіби кеңес беру және әдістемелік қолдау, оның ішінде жарнамалық-ақпараттық, политтехнологиялық салалар бойынша еліміздің барлық аймағына тиімді орталықтандырылған іс-қимыл қажет. Ақорданың құлағына алтын сырға!

Қалай дегенде де бизнесті дамыту және өңірлерге инвестициялар тарту – аймақ-өңірлер үшін де, Шымкент үшін де бірінші нөмірлі міндет. Қаланы бренд ретінде ілгерілетудің басты мән-мағынасы осында жатыр. Мұны шеше алатындар халқының күнкөріс деңгейін жақсартып, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тұрақты төленетін жалақы, жергілікті бюджеттерге салық аударымдары болады. Өкінішке қарай Шымкент қаласы да халықаралық, аймақтық және әлеуметтік еңбек қозғалысы, капитал мен тауар саласында дамымаған өңірлердің белгілерін сақтап отыр. Дотациялық жағы тағы бар. Үлкен сұрау белгі ме? Үлкен сұрау белгі! Басшылар осыны есінен еш шығармауы керек.

– Қазір істен бұрын сөздің, пиардың адамына сұраныс болып тұр ғой. Әкімге насихат пен пиардың мөлшерін білу үшін не керек деп ойлайсыз?

– Тап бұл жерде экс-журналист Жомарт Айтқазының Ұлы Абай ізімен аздап түрлендіріп жырлаған формуласын қатаң ұстанса болғаны:

«Ар, еңбек, пиарды бірдей ұста, 

Сонда «супер» боласың елден бөлек. 

Жеке-жеке біреуі жарытпайды, 

Жол да жоқ халтурщикті «профи» демек».

Ат үстінде жүргенде әкімнің өзі де бір жұлдыз есепті. Ақпараттық кеңістікте қолдау да, қорлау да қатар жүре береді. «Реакция болмайды» деп ойламау керек. Бірақ оны да теріс мақсатта пайдаланып, «базбіреулер секілді «Демалыста да демалмайтын әкім» деп бас-көз демей сауатсыз төпелер болса, кері эффект беруі ықтимал. Қысқасы, қала мен әкімдік, әкім жұмысын жариялау мен ақпараттандыруда, қоғаммен байланыс орнатуда жаңа, сапалы креатив қажет. Ел қазір БАҚ-ғы қызылды-жасылды насихат-пропаганда, тонна-тонна сөз бен километр-километр уәдебиет пен бағдарламалардан әбден зәрезап болған. Сондықтан креативті ұстаным сәйкесінше сенім деңгейін, халықтың ақпараттануын жоғарылатып, жобаларды жүргізу жұмыстарына мүдделі топтар тартады. Ең бастысы Шымкент бренді мен имиджін нығайтып, оларды тиімді де ілкімді басқаруға мүмкіндік береді.

Онда да әкім айналасындағы PR командаға көп нәрсе байланысты. Айталық, әкімге мықты спичрайтерлер керек. Спичке жауапты тұлға әрбір ресми мәлімдеменің заңдық, моральдық-этикалық, политтехнологиялық салдарын салмақтап, моделдеп, аудиторияға сай мәтін әзірлеп отыруға тиіс. Қазіргі жұрттың негізінен тұспал мен астар деген қазақилықты ұмытқан буквалист екенін ескерсек тіптен актуаль. Мысалы, Президенттің Гегель мен Бабель туралы сөзі баршаны қалай дүрліктіріп еді? Мемлекет басшысы тәрізді әкім де аракідік жергілікті 2-3 жазушыны атап тұрса, біраз азамат аймақ деңгейінде танылып қалмай ма? Сондай-ақ әкім мен жауапты қызметкерлерге ресми қабылдаулар мен тұсаукесерлер, іскери кездесулер, БАҚ пен аудитория алдында шешен және сауатты сөз сөйлеу бойынша арнайы мамандар тәлімін алған абзал. Бұл жерге «Мен өз сөзіме жауап беремін, бірақ қалай түсінгеніңе жауап бермеймін» деген қарапайым адамға тән қағида жүрмейді. 

Бірақ тым әдемі сөйлеп, сандуғаштай сайрай бергенмен, күмпілдетіп пиарлатқанмен, нақты нәтиже болмаса да қиын. Ел де тілін емізетін, арман-болашақты айта беретін ертекші-шешенді емес, күнделікті тіршілік-тұрмысын ертегі ететін Ер Едіге – нағыз көсемнің жолын тосып жүр. Мұны осы кезге дейінгі митингтердің лозунгтарынан-ақ көруге болады

Аңдамай сөйлеп қойған басшылардың «Үйден тамақ ішпеймін», «Балаларым Кипрде оқиды», «Қазақстанда киінбеймін», «Адам Қазақстанда ақша тауып, оны Лондонда жаратуы керек»,  «Әйелімнің үйінде тұрамын» сияқты сөздері талай әжуа-хайпқа тұздық болды. Спичрайтерден қаржы үнемдемеу керек деп отырғанымыз осы.  

Әкімге көмекшімен бірге баспасөз хатшысын таңдай білуі де зор мәселе. Ол да өз басшысының тұлғалық болмысы мен концепциясын, ойын түсінетін, бір-біріне керағарлығы жоқ, «резвісі» келетін адам болуы керек. Баспасөз хатшысы да әкімді өсіре де, өшіре де алады. Мұның жарқын мысалы ретінде Қазақстандағы баспасөз хатшысы қызметі мен қоғаммен байланыс саласын сапалық жаңа деңгейге көтеріп, еленетін лауазымдар қатарына қосқан Берік Уәлиді атауға болады. Тек бұл жерде нарцисс баспасөз хатшыларына тап болудан сақтану керек. Ондай хатшылар әкімнің, жалпы басшылықтың, мекеме-ұйымның өзінен бұрын бір өзінің жеке басының пиарына баса көңіл бөліп, шын басшының образын өзінің «боп көріну» мозайкалары және месседждерімен шырмауықтай шырмап тастайды. Ондайлар басшысын көрсететін жерде өзін орынсыз тықпалаудан тартынбайды һәм ұялмайды. Бұл этикаға да, кәсібилікке де жат нәрсе. Заманында Шыңғысхан тәңірі сыйлаған билігінің алғашқы насихатшысы Көкеші бақсыны уақыт өте келе жекедара хандық билігіне қатер туғызған осы нарцисстігі үшін қан шығармай, омыртқасын сындырып өлтірген. 


– Шымкент әкімінің имиджі туралы біраз дүние айтқан сияқтысыз. Ал Шымшаһардың өзінің иммиджі туралы не айтасыз? 

– Қала бренді мен имидждік образының ең осал тұсы – қала орталығы. Мысалы, «Центр болса да, жарық сөне береді» немесе  «Дәл орталық даңғыл бойындағы ғимараттар құлағалы тұр» деген әр шымкенттікке таныс лепес. Сол сияқты қала маңындағы елді-мекендердің инфрақұрылымы мен сыртқы көрінісі де зор мәселе. Кей-кейде ел-жұрт «Қалаға тиіп тұрса да су жоқ», «Жол ойдым-ойдым» деп кейіп жатпай ма, осы! Алматының қақ ортасында, тапа-тал түсте Денис Теннің адам қолынан өлуі сияқты келеңсіздіктер имидж бен брендке жойқын соққы береді. Астанадағы «Хан шатырдың» жанындағы бұрынғы қиранды саяжайлардың қалдықтары әлемдік ақпарат кеңістігінде астаналық шарм мен образға қаншалықты нұқсан келтіргеніне де куәміз. Миллиондарды шашып жүріп жасалған PR жұмыстар ұрланып келген шетелдік фотографтың бір батырманы басқанының астында қалды. Тап сол сияқты «Қосшы» қаласындағы жол мен ауыз су секілді мәселелер де үлкен имидждік шығындар келтіретін фактор болып келді. Себебі мұны көргендерде «Қазақстанның ордасы деген астананың өзінде мұндай болса, қалған жерлері қандай?» деген сауалдың туындауы заңды болса керек. Сол секілді Шымкент қаласына да өз орталығының, әсіресе әкімдік айналасының «Әкімдіктің жанында тұрып, газ жоқ» немесе «Дәл әкімдіктің жанында тонап кетті», «Сығандар жүр», «Жабайы сауда» дегенді болғызбай, барынша функциональды және көзге көркем болуын қамтамасыз ету керек. Бір сөзбен, бірінші кезекте «витриналық» деп есептелетін көрнекі жерлерді ретке келтірген жөн. Дәл бұл әңгіме сырт қонақтарды қарсы алып және шығарып салатын қаланың теміржол-автовокзалдары мен әуежайына да қатысты. 

– Осының бәрін Шымкенттің тізгінін ұстап жүрген басшылардың өзіне айтып көрмедіңіз бе? 

– Әрине, «Жұмсақ күш» кітабының Word-демо нұсқасын сол шақтағы идеологияға жауаптылардың қолына тапсырғаным бар. Олар оны дереу қолданысқа алды, бірақ мен бір шетте қалып кеттім. «Қалаға не жасалуы керектігін біреу тегіннен тегін зерттеп зерделеп әкеп беріп тұрса, неге жасамасқа?» деді-ау деймін. Жасады. Әлі де жасауда. Басқасын айтпағанда Шымкент тақырыбындағы қаптаған ролик-фильмдер, бейнелер қайдан шықты? «Шымкент махаббатым менің» қайдан шықты? Өткенде подкастта бір бауырымыз марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің бір ренжіген естелігін қозғап, «Шенеуніктер тегінге неге құмар?» деп сөйлеп жатыр екен. Мен айтар едім, олардағы тағы бір жаман әдет – өте қызғаншақ келеді. Тек өздері тапқандай, өздері ғана істегендей болып жүреді. Ал арғы жағында қаншама кішкентай адам тасада қалады. Жеңіс пен табыстың ата-анасы көп. Жаман атақ әкелетін нәрсе болсыншы, міндетті түрде «мынау» деп сілтеме бере салады. Тағы қаншама ілкімді қозғауларды өлсе мойындапты. No comment!

Дейтұрғанмен қалада дүниеге келген әрбір сәбиге – ұл болса көк, қыз болса қызыл түсті және әр сәбидің жынысына қарай орайластырылған құттықтау мәтіні бар хаттың шымқалалық шенділер жөніндегі қасаң образды бұзуға жасалған оңды қадам болғанын айта кеткім келеді. Ол хатқа қала әкімінің өз қолы қойылып тапсырылатын-ды. Міне, осынау «Айналайын бөбегім, бөпешім» деп басталатын дүние кімнің қолынан шығыпты? Әр ата-ананы дәл осындай жылылық пен қамқорлық есіп тұрған «назар белгісі» қала басшылығына дән риза етті. «Дәл мұндай ілтипатты Америка Құрама Штаттары президенттері ғана жасайды» деп еститін жұрттың бір желпініп қалғаны анық. Бұл Қазақстан не, бүкіл ТМД аумағында Шымкентте ғана жүзеге асырылған болатын. Мұндай-мұндайдың да айтылар уақыты келеді. Әзір піскен жоқ. 

– Сонымен, әуелгі сұраққа қайта оралсақ. Әкім қаланың корпоративтік мәдениетіне қалай әсер етуі керек? 

– Бүгінде елден кетіп қалғандардың уәж ретінде айтатын маңызды себептердің бірі – бұл мәдениеттің деңгейі, дәлірек айтсақ, мәдениеттің деградациясы. «Мәдениет мәселесі» қалалық қана емес, жаһандық мәселе және  кінәліні іздеу шешім емес. Бірақ жағдайды өзгерте алатын тұс – айналадағы өз «бақылау аймағымыз». Айталық, шымкенттіктер «мәдениетті» кезекке тұрғылары келеді. Елестетіп көріңізші, Шымкенттегі барша мекемелер мен компаниялар мықты корпоративті мәдениетті дамытуға кірісіп кетсе. Оның бір көрінісі лауазымына қарамастан жаппай кезекке тұру басталса. Біртіндеп мінез-құлық деңгейінде қызметкерлер өзгеріске ұшырайды, бұл олар үшін қалыпты жағдайға айналып, содан кейін отбасы мүшелеріне және олардың қоршаған ортасына таратылады. Тиісінше, еңбек мәдениетінің арқасында қалалық мәдениет деңгейі өсіп, ұзақ мерзімді перспективада жұмыс орнында дұрыс құндылықтар мен принциптерді дамыта отырып, қаланы өмір сүруге жағымды орынға айналдырамыз. Бұл үдеріс республикалық масштабта жүзеге асса, мәселен, шетелдерге «мидың кету» жылдамдығын төмендете аламыз. Бұл мәдениет жоғарыдан төмен қарай қалыптасуы керек. Күн сайын көшбасшылар мен топ-менеджменттің мысалында құндылықтардың жасанды емес екендігін, жұмыс принциптерінің барлығына және кез-келген жағдайға қолданылатындығын, сол арқылы RTB қалыптастыратындығын растау қажет. 

Тап сол сияқты бұрынғы ескі Қазақстанда жоғарыдағыларда сән болған, парламент пен үкімет отырыс-жиындарында министрлер, вицелер, әкім-қаралар, орынбасарлар, департамент-басқарма басшылары және басқа да түрлі мансап пен лауазым иелерін тұқыртушылық үрдісін жою. Сабақ оқымай келген оқушыша ұрсып, орындықтарынан ауыстырып, көпшілік алдында масқаралап жатушы еді. Олар өз кезегінде өз мекемелерінде бағыныштыларына дәл осы теріс моделді қайталап, төменгі эшолонға дейін дүрлігетін. Жаңа Қазақстанда осынау мәдениетсіздікке тым болмағанда Шымкент деңгейінде «стоп» қоюға мүмкін бар. Лауазым иелерінен іс пен тапсырма барысы мен нәтижесі қатаң сұралуы керек, бірақ олардың ар-абыройына нұқсан келтіріп, басып жаншып, таптамайтындай формада жүзеге асуы тиіс. Лауазымды тұлғаны көпшілік алдында бастықтардың тұқыртуының астарында жалпы халыққа деген де астам көзқарас жатыр. Еуропалық ойшыл Питер Друкер айтпақшы, ұжымдық рух басшыдан басталады. Мұның бірінші кезекте кадрлық шешімдерден көрініс табатыны да шындық. Не десе де «Тексіздер төрге шыққанда, тектінің басын доп қылады. Білімсізге билік тисе, білімдіні жүн қылады» дегеннің кері болмауы керек. Ал бұл жерде басшының шынайылығы басты рөл ойнайды. 

Қарапайым өмірде кісінің аты-жөні орнықты бренд болып бекігенде тұлға ретінде мойындалады. Спортта да, кәсіпте де, барлық салада да сол. Мысалы, журналистер арасында марқұмдар – Бейсен Құранбек пен Амангелді Сейтхан осы санаттан еді. Тележурналист Зейін Әліпбек, тіптен, ендігі шен иесі – Берік Уәлилерге қатысты да осылай деуге болады. Қалқаман Сарин, Санжар Керімбай, Димаш, Головкин, барлығына ортақ бір нәрсе – брендке айналу. Бұдан қандай қорытынды шығады? Еліне, жеріне, идеалдарына деген адалдық пен ықылас, кәсібіне жетіктік пен құрмет оларды асқаралы биікке шығарып тұр. Мұны маркетологтар жазылмаған заң деп те жатады. Тап сол сияқты әкім есімі де ел ішінде елшіл тұлға ретінде танылғанда, Асқар Мырзахметов, Қуаныш Айтаханов, марқұм Бердібек Сапарбаев секілді брендтер қатарына қосылғанда оның қоғамға әсері де еселеп арта түспекші. Оның өзінде формальды емес, нағыз лидер болмай жағдай қиын. Қазіргі Y, Z толқын-ұрпағы тек қана көшбасшыларды, шынайы зияткерлер мен табыстыларға ғана ілеседі. «Халықты тыңдата алатын лидер жоқ. Билік жақта да, қоғам қайраткерлерінің ішінде де» деп жаны ышқынған жоқ па, Қаңтарда біраз ойшыл. Цугцванг!

– Журналист ретінде мен түсінбей келе жатқан бір жайт бар. Қазақ тілді оқырман басшылардың ауысқаны туралы ақпаратты таласып-тармасып оқиды. Зерттеуші ретінде осы құбылыстың себебіне үңіліп көрдіңіз бе?

– Қазекең әкімқұмар жұрт. Әкім-қараның әр қадамын, сөзін, ишарасын қалт жібермей, сынай қарап отырады. Мұны әр басшы ескеруге тиіс. Тіптен мұны айтулы қаламгер Тұрсынжан Шапай «Күлкі және көз жасы» кітабында аямай мысқылдаған болатын. Сонда айтылмақшы,  «әкім ауысыпты» деген сөз қазір анау айтқандай жаңалық та емес. Бірі келіп, бірі кетіп, қым-қиғаш басшы сапырылысқан заман. Ең абзалы, артында қандай із қалдырды, қандай сөз қалды, сол маңызды. 

Иә, Шымкент әр кезеңде басқарған әкімдердің векторына байланысты аздап малайзияланған, түркияланған, Лас-Вегас-америкаланған, Әл-Фараби-Отырар, қайырымдалған, ситиленіп-зыңданған, кейде «жынданған» шаһар. Тіптен, алдыңғы әкімнің кезінде жемнің орысшасын таппай, мүйізі бұғыдай бір оқымысты орынбасар шақырып, кітаби-иппадромданған қала. 

Болашақ түлегі, кәсіпкер, оңтүстік өндірісіне сонау Америкадан инвестор тартқан Дархан Жиенбай алдыңғы жылы: «Министрді тағайындаған кезде «құтты болсын» деп едік. Қызметтен босатқан кезде де «құтты болсын» дедік. Бір кем дүние» деп бір дөкей жөнегенде жар салған-ды. Не де болса әкімнің де кетерінде «әттеген-ай» деп халқының қимағаны жақсы емес пе?! Ал бұл үшін нақты істен бөлек сонымен тығыз интеграциядағы жүйелі де жоспарлы насихат жұмысы да керек.  

– Сіз имиджелогия, брендология туралы өте-өте көп айтасыз. Мұның сыры неде? 

– Шымкент қаласына оңды бренд болу неге керек? Имидж қалыптастыру мен оны ілгерілету не береді? Бұл мәселелер неліктен тап қазір маңызды болып тұр? Керек десе осы сұрақтардың айналасында бәрінің де жауабын табуға болады. 

Қаланың басты мұраты – еліміздің жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени орталығына айналу екендігін пайымдау керек. Ресми түрде әр жерде насихатталмаса да, бұл қисындық тұрғыда заңды да. Сол қаланың басқарушы-ұйымдастырушы күші – әкімдіктің басты миссиясы да осынау мұратты басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ортақ саясатындағы аймақтық саясаттың бірден-бір қатысушысы һәм жүргізушісі ретінде тұрғындардың барлық бағыттардағы мүддесін қорғау және қажеттіліктерін өтеу екені мәлім. Яғни Шымкент әкімі мен аппаратының басты міндеті – түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ азаматтармен өзара қарым-қатынаста қаланың мүддесін білдіріп, қала шегіндегі жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу, барлық жүйелердің қызметтік функцияналын қамтамысз ету. Ал бұл жерде жарқын бренд болу да, нұрлы имиджге ие болу да, идеологиялық мазмұндану да сол басымдықтарды жүзеге асыруға керек құрал-жабдық міндетін атқарғалы тұр.

Сонымен қатар идеологиялық-магниттік мәні зор оңды брендке ие болу мен оны оңтайлы басқарудың бере алатын жалпы активтері экономика тіліне салып айтқанда, инвесторлардың назарын аудару және инвестиция ағымын арттыру, елдің ішінде және сыртында қаланың ықпалы мен әсерін арттыру, туристердің назарын аудару және сол арқылы қазына кірістерін көбейту, инфрақұрылымды, сауданы және өнеркәсіпті дамыту, жеке ұйымдармен, басқа қалалармен, тіпті жеке адамдармен серіктестік қатынастар орнату, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Ең бастысы бұл территориялық даралықты барынша айқындай түседі. Яғни әр аумақтың брендтік образ-бейнесімен үйлескен бірегей де қайталанбас сипаттамасы сол аумақтың экономикалық табыстылығы мен инвестициялық тартымдылығының негізі бола отырып, ұдайы ақпараттық қолдап-сүйемелдеу мен қамтамасыз етуге мұқтаж және ішкі және сыртқы теріс әсерлерден ақпараттық кеңістікті қадағалап бақылау мен қорғауды қажет етеді. Тұжыра айтқанда, әкім деңгейіндегі қалалық брендингті жолға қою шаһардағы өмірдің барлық салаларына оң әсерін тигізеді және нақ осы брендтер мен бренд болу ғана заманауи әлемде тез және тиімді түрде жергілікті қызметтер мен тауарларға қосымша құн жасауға септесе алады. 

Сөз соңында айтарыңыз не?

– Бүгінде елдің пейілі бұзылып, ниеті айныды, ұлттық темірқазығынан адасты деп жатырмыз. Бұл – тығырыққа тірелудің басы. Енді одан қалай шығуға болады? Шығар жол қайсы? Ынсап құндылығын орнына қою арқылы ғана осы шырғалаңнан аман-есен шыға аламыз. Алаш, оның ішінде оңтүстік жұртшылығы сол ынсапқа иелік еткен қауымдардан еді. «Ынсап сайын береке» деп жүргендер әлі де түгесіліп біткен жоқ. Ал бұл қасиет – иманнан туындайды. Халықтың ындын-ынсабын, ниет-пиғыл, мінез-құлық, ақлағын түзей алатын Президенттің де, парламентшілер-үкімет мүшелерінің де,  Шымкент мысалында әкімнің де бір ғана тетігі бар. Ол – әділеттілік пен ашықтық деген функция. Жаңа Қазақстанның да басты ұраны осы болуы керек. Осман империясының негізін қалаған Оспан Ғазиға шейх Әдебали «Адамға өмір сыйла, мемлекет ғұмырлы болсын!» деп өсиеттеген көрінеді. Шымкенттіктерге де өмір сүргіз, қала да өмір сүрсін. Сонда бәрі дұрыс болады. 

– Әңгімеңізге рақмет!