Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда жетім балалар тұрғын үй, білім алу және жұмысқа орналасу саласында қиындықтарға тап болуда. Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында осы өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сенатордың айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиісті қолдау көрсетілмей келеді. Мәселен, 2023 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 62 290 жетім баланың тек 809-ы ғана баспаналы болды. Бұл көрсеткіш өткен жылы да шамамен осындай деңгейде болған, сол кезде 61 471 жетімнің тек 852-сі ғана үй алды. Осы сандар жетім балалардың баспана алу мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетіп отыр.
Шиповских сонымен қатар, жетім балалардың мектепті бітіргеннен кейінгі өмірлік жоспарларына алаңдаулы екенін жеткізді. Жетім балалардың жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында, ол колледждер мен жоғары оқу орындарында гранттар квотасын көбейтуді ұсынды.
Сенатордың айтуынша, жетім балаларды жұмыспен қамту мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, биыл мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасқандардың тек 85-і ғана жетімдер болды. Бұл жағдайды шешу үшін, Шиповских кәмелетке толған жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің күту мерзімін қысқарту және оларды оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналастыру бойынша арнайы бағдарламаларды әзірлеуді ұсынды.
"Мен бұл мәселелерді жақсы білемін, өйткені өзім де ата-анамнан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленгенмін," - деді сенатор.
Ол бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік деңгейде нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.