Қазақстанда амнистия кімдерге жасалуы мүмкін: ІІМ түсініктеме берді

Қазақстанда амнистия кімдерге жасалуы мүмкін: ІІМ түсініктеме берді
ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жоспарланып отырған қылмыстық және әкімшілік амнистияның кімдерге қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы амнистия жариялау бастамасын көтерген. Бұл қадам әділеттілік, гуманизм және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, амнистия қылмысқа көз жұма қарау емес, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін құқықтық шара болып саналады.

Қылмыстық амнистия кімдерге қатысты болады?

Заң жобасына сәйкес, амнистия:

  • қылмыстық теріс қылық жасағандарға;
  • онша ауыр емес қылмыс үшін сотталғандарға;
  • ауырлығы орташа қылмыс жасаған және келтірілген залалды толық өтеген азаматтарға қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар кейбір сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамды қамтуы ықтимал. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінен босатылуы мүмкін.

Амнистия кімдерге жүрмейді?

Заң жобасы бойынша амнистия:

  • терроризм және экстремизм қылмыстарын жасағандарға;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға;
  • ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне;
  • азаптау фактілері бойынша сотталғандарға;
  • жыныстық қолсұғушылық жасағандарға, әсіресе кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасағандарға;
  • қылмысты қайталап жасаған адамдарға қолданылмайды.

ІІМ мұндай шектеулер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілгенін атап өтті.

Әкімшілік амнистия нені қамтиды?

Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізу ұсынылып отыр.

Жобаға сәйкес, азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін төленбеген айыппұлдардан босатылуы мүмкін.

ІІМ дерегінше, тек министрлік бағыты бойынша бұл шара 17 миллиард теңгеден астам сомаға жуық 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды.

Қандай айыппұлдар кешірілмейді?

Әкімшілік амнистия:

  • есірткі мен қарудың заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарға;
  • мас күйінде көлік жүргізуге;
  • қарсы жолаққа шығуға;
  • жүргізуші куәлігінен айыруға әкелетін басқа да өрескел жол қозғалысы ережелерін бұзуға;
  • қайталанған құқық бұзушылықтарға;
  • сот қарайтын әкімшілік істерге қолданылмайды.

Қазіргі уақытта амнистия туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі қарауында жатыр. Егер құжат қабылданса, мыңдаған азаматтың құқықтық және қаржылық жүктемесі жеңілдеуі мүмкін.