Депутат: Оқушылар биология пәніне қызықпайды

Депутат: Оқушылар биология пәніне қызықпайды
gov.kz

Қазақстанда мектеп биологиясын оқыту сапасы төмендеп барады. Осыған байланысты «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаты Ирина Смирнова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары мектептерде «Биология» пәні өзінің маңызын жоғалтып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы азайған. Соның салдарынан түлектердің жаратылыстану сауаттылығы да төмендеп келеді.

Фото: Депутат Ирина Смирнованың баспасөз қызметі

Сауалда биология пәнінің адам денсаулығы, экология, репродуктивті сауаттылық және ғылыми ойлау жүйесін қалыптастырудағы рөлі ерекше екені атап өтілген. Депутат биология сабақтарында оқушылар адам ағзасының құрылысы, аурулардың алдын алу, вакцинацияның маңызы, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты туралы білім алуы тиіс екенін айтты.

Алайда қазіргі мектеп бағдарламасында бірқатар мәселе бар. 

"Биология пәніне бөлінетін сағат санының қысқаруы. Оқулықтардың теориялық, сипаттамалық бағытқа тым бейім болуы және зертханалық әрі практикалық жұмыстардың жетіспеуі. Биологияны оқытуда тұтас жүйелі тәсілдің болмауы. Мұғалімдерге сезімтал тақырыптарды (жыныстық тәрбие, психикалық денсаулық, АИТВ/ЖИТС) талқылауға арналған әдістемелік қолдаудың төмен деңгейі. Соның салдарынан бұл мәселелер не мүлде назардан тыс қалады, не формалды түрде ғана түсіндіріледі. ҰБТ тапсырмаларының күрделілігі оқушылардың пәнді нақты түсіну деңгейіне сәйкес келмеуі. Бұл терең білім алуға емес, тест жаттауға итермелейді", - дейді депутат.

Осыған байланысты халық қалаулысы бірнеше ұсыныс жасады. Ол 6-сыныптан бастап биологияны бөлімдер бойынша жүйелі оқытуды ұсынды: 6-сыныпта – ботаника, 7-сыныпта – зоология, 8-сыныпта – анатомия, ал 9–11-сыныптарда жалпы биологияны тереңдетіп оқыту қажет деп санайды.

Сондай-ақ депутат оқулықтарды жаңартып, генетика, нейробиология, экология және репродуктивті денсаулық тақырыптарын күшейтуді, 7–9-сыныптарға жыныстық тәрбие мен салауатты өмір салты бойынша міндетті сабақтар енгізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, биология мұғалімдерін қайта даярлау, мектеп кабинеттерін микроскоптармен және цифрлық зертханалармен жабдықтау, сондай-ақ қорытынды емтихандарды тест форматынан ауызша және практикалық форматқа ауыстыру мәселесі көтерілді.

Депутаттар бұл шаралар оқушылардың жаратылыстану сауаттылығын арттырып, жастардың өз денсаулығы мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп есептейді.