Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет пен Бас прокуратурадан эстетикалық медицина саласындағы бақылауды күшейтуді талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Ақтау мен Алматыда липосакциядан кейін науқастардың қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Депутаттың айтуынша, бұл жағдайлар жекелеген оқиға ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне, медициналық қызмет сапасына және мемлекеттік бақылау тиімділігіне қатысты жүйелі мәселені көрсетеді.
Ерлан Саиров 2024 жылы Мәжіліс депутаттары заңсыз медициналық қызмет, жалған мамандардың көбеюі және пластикалық хирургия мен косметология саласындағы бақылаудың әлсіздігі мәселесін көтергенін еске салды. Сол кезде Үкімет те салада елеулі заңбұзушылықтар барын мойындаған.
«Тек 2023 жылдың өзінде заңсыз медициналық қызмет көрсеткені үшін 674 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал сапасыз косметологиялық және пластикалық процедураларға қатысты шағымдар саны екі есеге жуық өскен. Тексерілген жағдайлардың 60 пайыздан астамында заңбұзушылықтар анықталған.
Сонымен қатар бүгінде Қазақстанда пластикалық хирургиямен айналысатын шамамен 260 медициналық ұйым бар. Ал эстетикалық медицина нарығы қарқынды дамып, айналымы ондаған миллиард теңгеге жетіп отыр», – деді депутат.
Бүгінде Қазақстанда пластикалық хирургия қызметін көрсететін шамамен 260 медициналық ұйым бар. Эстетикалық медицина нарығы ондаған миллиард теңгеге жетіп, қарқынды өсіп келеді.

Депутат соңғы қайғылы оқиғалар мәселенің әлі күнге дейін шешілмегенін және оның жүйелі сипат алғанын атап өтті. Оның сөзінше, мәселе тек жасырын жұмыс істейтін кабинеттерде емес, лицензиясы бар жекеменшік медициналық орталықтарда да кездеседі.
«Әдемі жарнама мен “жылдам нәтиже” уәдесінің артында өрескел заңбұзушылықтар, жауапсыздық және адам өміріне немқұрайлы қарау жатыр. Мұндай жалған мамандар дәрігер мамандығының беделіне нұқсан келтіреді», – деді депутат.
Саировты кейбір клиникалардың өрескел заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін қызметін басқа атаумен қайта жалғастыруы да алаңдатады. Яғни, атауы мен заңды тұлғасы өзгергенімен, мекенжайы мен қызметкерлері сол күйінде қалуы мүмкін. Ал бақылаушы органдар үшін бұл жаңа лицензиясы бар басқа клиника ретінде көрінеді.
Депутат липосакцияның қарапайым косметологиялық процедура емес екенін де атап өтті. Мамандардың пікірінше, бұл – тромбоэмболия, май эмболиясы және анафилактикалық шок секілді ауыр асқынулар қаупі бар күрделі хирургиялық операция.
«Сұлулық құрбандықты талап етуі мүмкін, бірақ ол адам өмірімен өлшенбеуі тиіс», – деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ депутат ел бойынша эстетикалық операциялардан кейінгі асқынулар мен өлім-жітім статистикасының ашық жарияланбай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Осыған байланысты ол бірнеше ұсыныс айтты:
– пластикалық хирургия және эстетикалық медицина қызметін көрсететін жекеменшік ұйымдарға кешенді тексеру жүргізу;
– лицензия беру тәртібін және заңбұзушылық анықталғаннан кейін қайта ашылатын клиникаларды бақылауды күшейту;
– эстетикалық операциялардан кейінгі асқынулар мен өлім-жітім бойынша ашық статистика жариялау;
– әлеуметтік желілер мен интернеттегі мұндай қызметтердің жарнамасын бақылауды күшейту;
– Бас прокуратура тарапынан жекеменшік клиникаларға ауқымды тексеру ұйымдастыру.
Депутаттың айтуынша, қазіргі жағдайда басты мәселе – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және эстетикалық медицина саласындағы жауапкершілікті күшейту.
Еске салайық, мамыр айында пластикалық ота жасату кезінде Алматы және Ақтау қалаларында екі адам қайтыс болды. Олардың бірі 53 жастағы блогер Сәуле Базархан, екіншісі 49 жастағы ақтаулық депутат Ербол Айтуов липосакция жасату кезінде көз жұмған.