Қарт анасының өліміне ұлы күдікті: СҚО-да сұмдық жағдай болды

Қарт анасының өліміне ұлы күдікті: СҚО-да сұмдық жағдай болды
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының Благовещенка ауылында 89 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның денесі 2 қыркүйекте тұрғын үйдің ауласынан табылған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға дейін әйел 66 жастағы ұлынан шаруашылық жұмыстарына, соның ішінде картоп қазуға көмектесуін сұраған.

Кейін зейнеткердің денесі ер адамның үйінің ауласынан табылған. Алдын ала болжам бойынша, қылмыс құралы ретінде балта қолданылуы мүмкін.

Полиция қызметкерлері кісі өлтірді деген күдікпен марқұмның 66 жастағы ұлын ұстады. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.