15 қыр, 2017 сағат 14:36

Рахымжан Отарбаев. Көрген-баққан-2

"Жас Алаш" газеті жариялай бастаған жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінен бір үзік. Басы мына жерде.

***

Досым, жазушы Әлібек Асқаров бірде:
– Раха, енді қалай өмір сүруді ойлайық, – деді.
Мен:
– Екеуміз енді қалай абыройлы өлуді ойлайық, – дедім.
Ойланып қалды.

***
Бәрі сатылып жатыр. Мені де біреулер сатып алған жоқ па екен?!

***
Бір ақымақтан жүз ақымақ туады. Ал данышпаннан данышпан тумайтыны несі?

***
– Ол қол жетпес биік қой, – деп, біреу әлдекімнің өнерін бағалап жатты. Өз ойы, өз бойымен өлшегенді қашан қоямыз осы?

***
Нағашыларым қазақ ауылын шауыпты. Қапыда тиіссе керек. Еркек кіндіктің бәрін жусатып салған. Бір адам қорқып мойнына, бетіне өлген жолдасының қанын жағып жата қалыпты. Түрікмендер өлгендерді аралап қарап жүреді. Әскербасы: «Бәрі жан тапсырып па?» – деп сұрайды.
– Түгелдей.
– Мына біреу тірі сияқты. Терлеп жатыр.
– Жаралы. Бәрібір өледі.
Сөйтіп, аман қалған. Өлген адамның терлемейтінін қатыгез қолбасшы қайдан білген?

***
Біздің ауылда аузына шыбын тұрмақ, торғай кіріп кетсе де аңдамайтын аңқау шалдар өтті. Бір көкеміз шыжыған шілдеде жоқ қарап келе жатады. Аты да, өзі де қаталап шөлдеген. «Шайтантөбеге» жетіп, төбені іргелей ағатын өзенге құлайды. Қараса жеті-сегіз сары шашты қыз шуласып суға түсіп жүр дейді. Кәлимасын қайырып жақындап келсе, атына су шашып, сықылықтап күліп жолатпапты. Айдала, адам баласы жүретін жер емес. Бұлар шайтанның қыздары екен, «көрсетейін бәлем» деп көкеміз қайратына мінеді. Әлгілерді су ішінде атпен омыраулатып жүріп сабайды...
Бақса Астраханнан бақша салуға келген пединституттың студенттері екен. Түс кезінде суға шомылып жатыпты. Көкеміз содан сотты бола жаздап, ат-шапан айыбын арқалап әрең құтылған.
Жарықтықтардың жүрген жері тегін спектакль еді.

***
Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім.

***
Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!

***
Дүниені қатарынан жаулап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайын Ошқа келіп, Сүлеймен тауының етегінде тыныс алған тұста Аристотельге хат жазады. «Ұлы ұстаз, менің жанымдағылар үнемі мақтайды. Ұлы қолбасшысың дейді, данышпансың дейді. Мен де ет пен сүйектен жаралған пәндемін ғой. Түбі сеніп қалуым ғажап емес. Сондықтан кешікпей жаныма бір философыңызды жіберсеңіз» деп. Міне, көрегендік!
Қазіргі президенттер мен елбасыларда өздеріне деген осындай сыни көзқарас бар ма екен?..

***
Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазірде музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.
Бізде ше? Сүрінбек тұрмақ, омақасып құлағанымызға қарадық па? Содан да шығар, мұражайда тұрған жәдігерлердің көбі өтірік, жалған, ойдан-қырдан құралған. Одан қалса, әркімнен шапан жинап әуре боп жүрміз...

***
Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың.

***
Кеңес кезінде Жайық жағасын мекендеген қазақ, орыстар көп еді. Қазір сиреді. Көбі тарихи Отанына көшті. Бір шал әлі бар. Кешегі күндері аты аңызға айналып дүрілдеді. Өйткені ол атақты Чапаевтың көмекшілерінің бірі екен. Жайыққа суға кетіп өлгеніне куә болыпты. Тіпті өзеннің арғы бетіне оқ тиген қолбасшыны аман алып шығамын деп жанталасыпты.
Содан газет біткен шуласын. Теледидар мен радио жағын саусын. Тұрған селосына соның атына көше берілсін. Тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсін. Мектеп біткен кезекке тұрып кездесуге шақырсын. Хош деңіз.
Егемендік алған соң әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. Шалдың өтірігі ашылды. Ашқан ауылдастары. Бақсақ бұл сойың атаман Толстовтың офицері екен. Ақтың офицері! Чапаевты атып, ат-матымен суға батыратын осының өзі. Нақты дерек бұлтартар емес.
– Одан не зиян көрдіңдер? – деп шалымыз енді шалқаяды деседі.
«О нравы, о времена» деген сол!

***
Заңгер мен бәлгерге сенуден қалдық.

***
Жауған қардың да еркегі, ұрғашысы болатынын естіп таңғалдым. Еркегі ерімейтін, кебіртек бетпақ қар да, ұрғашысы сулы, жұмсағы болса керек деп топшыладым. Табиғат ұлы анамыз ғой. Қардың өзін жынысқа бөліп тууын қарашы!

***
Бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алдында көңілді әңгіменің көрігін қыздырып отырған. Екі езудегі күлкіні көрудің өзі бір бақыт. Кенет аузы бүрісіп, бөтелкенің аузындай боп дөңгеленіп қалды.

***
Бір молда жұртшылыққа баланы сүндетке отырғызу үлкен парыз екенін ұзақ түсіндірді. Әртүрлі мысал, нақыл айтты. Құп алдық. Сөзінің соңында: «Ертеңгі күні о дүниеге барғанда Аллекем мұсылман екендіктеріңді сол жерлеріңе қарап таниды», – деп те соғып жіберді. Жаратқан ием өз пәндесін қалай болса да түстеп білер-ау. Тек әлгі молданың уәжі тосын көрінді.
– Ал әйел баласын қай жеріне қарап таниды екен? – деп қалдым. Мұндай сауал күтпесе керек. Сақалы селкілдеп шошып кетті.
– Мұны сұрау күпірлік! – деп ыдырынды.
– Молданың аузында Алланың аузы бар, сіз де сақ болыңыз, – дедім. – Дүмшелігіңізді күпірлікпен бүркемелей алмассыз.

***

КӨРГЕНІ ЖАҚСЫ КӨШ БАСТАР 
Әкесімен жүздесіп едім. Үш қасиет көп қазақта үйлесімін тауып келе бермейді. Ол – ой мен ой һәм сой. «Жігітке үштен артық бақ бітпейді» дейтін бұрынғылар. Білмесе айта ма?
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты көрсем ылғи осы ұлағат есіме оралады. Нұрланның іскерлігі мен құшағының кеңдігі, дархан көңілі, қазақша-орысша ақпа-төк шешендігі, ілтипаты мен бауырмалдығы бір тұлғаның бойында қалай үйлесім тауып тұр. Таңғаласың! Иә, тек деген қасиет сол. Жүре жұқпайды, туа бітеді.
Бірінде әзіл жүгірткенім бар:
– Інім, осы сен сөйлер сөзіңді жаттап аласың ба? Қуатты реформаларды, сан түрлі саясат пен сандарды жырдай ғып толғайсың, тіпті қылау шықпайды, – деп.
Күлді де қойды.
Мың сан шаруамен жағаласып жүріп сөз жаттауға уақыт қайда?
Сөз жоқ, сұңғыла бітім!

***
Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне «Сәбидей мұңсыз бол!» деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен...

***
Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық. Баяғы кеңестік дәуірдегі арақ бөліскен кез рахат екен ғой. Қоймай аңсаймын.


***
Ақыл – азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты...

***
– Өлеңді тастап кеттім, – деді бір ақын. Ұят жоқ, имену жоқ. Көзі жарқырап тұр. Қатынымды тастап кеттім деген сынды. «Өлең мені тастап кетті, бауырым» десе, құшақтап бетінен сүйер ем.

***
– Мен жазушымын ғой, – деді бір ағамыз мақтанышпен.
– Сіздің столда отырып жазған шығармаңызды мен унитазда отырып-ақ жазамын, – деппін қырсық шалған басым.

***
Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңғаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. «Ол бұған қарағанда адам еді ғой», – деп тамсанады. Тағдыр шығар. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» деген мәтелге, амал жоқ, бір тармақ қостым. «Жоғалған қатынның саны алтын» деп.

***
Жұбайы қапияда көз жұмған бір келіншек сыр ашып отыр.
– Ол байғұс адам екен ғой, – деп.
– Бұған дейін кім деп жүрдіңіз?
– Күйеу деп.
Әйел психологиясы қызық. Бізді өлген соң адам қатарына қосады-ау деймін.

***
Құрмалас сөйлем құрай алмайтындар жазушы атанып жүр. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратынын оларға айтқаннан не шығады?

***
Жаз кезі еді. Ыстықкөлге жанұямызбен бара жаттық. Жолай Бішкекке аялдап, Мұхтар ағаға (Шаханов) сәлем бердік. Мұхаң қызу жұмыс үстінде. Поэма жазып жатыр. Орыс тілінде.
–Мұха, екеуміздің орысшамыз қарайлас еді ғой, бұл қалай? – деймін таңданып.
– Ский мен скаяны білсең поэма жазу түк емес екен, – дейді Мұхаң.
Талантты адамға ем жоқ қой!

***
Жұмекен ағам Нәжімеденов 1981 жылы Алматыға келген мені екі аса талантты ақын інісіне аманаттады.
– Рахымжан әдеби ортаға жаңа қадам басты. Бас-көз болып жүріңдер, – деп. Өмірден ерте кетерін білді ме, жарықтық. Олар Жұматай Жақыпбаев пен Ұлықбек Есдәулетов болатын.
Сол аға аманаты есіне түсті ме, араға 30 жыл салып Ұлықбек дос мені өзінің 60 жылдық мерейтойына шақырды. Өскеменнен бастап, Жарма, Көкпекті, Зайсан аудандарын түгел араладық. Керемет той өтті.
Ал Жұматай ше? Жұмағам да ара-тұра іздейтін. Айтар әңгімесі жаттанды. Келе:
– Жұмекен ағам сені маған тапсырып кетті ғой. Рас па? – дейді. Әбден мойындатып алып:
– Ендеше, басым ауырып тұр. Бір шөлмек ала сал, – дер.
– Жұмағам-ау, сонда ол кісі кімді кімге тапсырып кеткен? – деймін мен де беріспей.
Аяулы ақын ондайда таласқа түспей, мөлттей қара мұртын сылап, жұмсақ жымияды. Мен де еріп сала беремін... Кейде сағыныш меңдегенде оның өлеңдерін қолыма аламын. «Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім!»...

***
Адамдардан артист жасап, сол артистен қайтадан адам жасай алмай жүрген режиссерлар да аз емес.

***
Жоңғарияда тақ талас басталғанда Әмірсана жақтас іздеп Қытайға қолқа салады. Бұл XVIII ғасырда болған оқиға. Қытай көмекке үлкен әскер шығарады. Сөйтіп, жер бетінен Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Өз қателігін тым кеш түсінген Әмірсана Қытайға қарсы шыққан. Ақыры қуғынға ұшырады. Жанын аузына тістеп қашып Абылай хан ордасына жетеді. Нағашы жұртын сағалайды. Соңында орыстарға беріліп, Омбыда өкінішпен қаза болды.
Тарих дөңгелегі қайталанып отырады. Талай елдің басшыларына осы оқиға сабақ болса нетті.

Жалғасы бар...