Алматыдағы «Педагогтер академиясына» қатысты жағдайға байланысты 268 баланың оқуын қалай жалғастыратыны түсіндірілді, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылына аталған ұйыммен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы келісімшарт жасалмаған. Қазір құжаттар мен оқу жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге мектепті жабу туралы шешім қабылданбаған.
12 қазанда №15 мектеп-интернаттың базасында №7 арнайы мектеп-интернаттың филиалы жұмысын бастады. Онда балалар тегін білім алып, түзету-дамыту көмегін ала алады.
Бұдан бөлек, Алматыда арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланған. Атап айтқанда, бұрынғы №164 және №41 мектептердің ғимараттарында жаңа арнайы мектеп-интернат ашу көзделіп отыр.
Білім басқармасының хабарлауынша, әр баланың оқуын жалғастыру мәселесі оның жеке қажеттілігі мен ата-анасының пікірі ескеріле отырып, жеке қарастырылады.